Астан қоңыз шықты: СҚО-да мектеп директоры қызметінен босатылды

03.12.2025 21:05

Даудан кейін эпидемиологтар білім ошағына ауқымды тексеріс жүргізе бастады

Солтүстік Қазақстан облысында оқушыларға шикі тағам мен жәндік аралас ас ұсынған мектептің директоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Даудан кейін эпидемиологтар білім ошағына ауқымды тексеріс жүргізе бастады. Мектептегі тамақтану сапасына партия мүшелері, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер және депутаттар кіретін арнайы комиссия жауапты болмақ. Ал ыстық асты тиісті деңгейде жеткізе алмаған жауапсыз кәсіпкермен келісімшарт жақын күндері бұзылады. Осы оқиғадан соң өңірдегі барлық мектеп асханалары жаппай тексеріледі.

«Өңірдегі барлық мектеп асханаларында бақылау күшейді. Әр білім беру мекемесінде күн сайын арнайы комиссия тағам сапасын тексеріп жатыр. Сонымен қатар оқушыларға сапасыз ас ұсынған жеке кәсіпкермен келісімді бұзу процедурасы басталып, оған ресми түрде ескерту-хат жолданды. Ата-аналар атынан да санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тиісті өтініш жіберілді», – деді Білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова

Есте болса, Петропавлдағы мектеп-гимназияда туындаған даулы жағдай ата-аналардың шағымдануынан кейін өршіген еді. Олардың айтуынша, балаларына қоңыз қосылған ас беріліп, қант ұнтағының орнына қопсытқыш пайдаланылған. Соның салдарынан оқушылардың ауыз қуысы күйіп, асқазаны ауырған.

Айта кетейік, асхананы жалға алған кәсіпкер бұл білім ошағында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келген.

Бұған дейін мамандар тамақтан алынған сынаманы зерттеуге дәрменcіз екенін жазғанбыз.