Астана ауруханасында көз жұмған жасөспірімнің ісі сотта қаралып жатыр

19.03.2026 21:06

Семейден ем іздеп келген Әділхан ота үстінде көз жұмған еді

Астана ауруханасында көз жұмған жасөспірімнің ісі сотта қаралып жатыр. Қайғылы оқиға 2024 жылдың шілде айында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі жыл бұрын Астанадағы №2 қалалық балалар ауруханасында хирургтар 13 жастағы жасөспірімнің мұрнындағы ісікті алу үшін операция жасаған. Алайда Семейден ем іздеп келген Әділхан ота үстінде көз жұмған. Алғашында дәрігерлер оның өлімін анестезияға кері әсермен байланыстырып, «қатерлі гипертермия» деген диагноз қойған. Сондай-ақ бұл дерттің 15–20 мың адамның бірінде ғана кездесетін сирек жағдай екенін түсіндірген. Дегенмен баланың ата-анасы бұл қорытындымен келіспей, медициналық сараптама жасатқан. Олардың айтуынша, нәтиже дәрігерлер қойған диагнозбен мүлдем сәйкес келмепті. Қорытындыға сәйкес, жасөспірім көп мөлшерде қан жоғалтып, соның салдарынан тұншығып, яғни механикалық асфиксиядан қайтыс болғаны көрсетілген.

«Жолдасым екеуміз ғана қалдық, жалғыз баламыз еді, айырылып қалдық. Баламыз қайта тірілмейді, бірақ басқа баланың басында қайталанбасын, мен содан қорқамын. Сондықтан әділ шешім шығады деп ойлаймын», – деді марқұмның анасы Әлия Әбілдинова.

Ал айыпталушы тарап өкілдері сот отырысында сараптама нәтижесімен келіспейтінін мәлімдеді. Осыған байланысты адвокат Ерлан Ғазымжанов сараптама жүргізген маманды қайта шақырып, сұрақ-жауап алуды сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

«Бастапқыда «қатерлі гипертермия» диагнозы қойылған және оның барлық белгілері болған. Алайда мәйітке сараптама жасаған маман бұл диагнозды мүлде елемеген. Сонымен қатар ең маңызды зерттеулердің бірі  гистологиялық талдау үшін қаңқа бұлшық етінен үлгі алынбаған. Бұл зерттеу арқылы бұлшық еттердің ыдырауын және кальцийдің бөлінуін анықтауға болар еді. Бұл өте маңызды белгі саналады», – деді айыпталушы тараптың адвокаты Ерлан Ғазымжанов.

Мемлекеттік айыптаушы да сараптама жасаған маманды қайта шақырудың қажеті жоқ екенін атап өтіп, айыпталушы тараптың кінәсі толық дәлелденді деп пікір білді.

«Сотта зерттелген барлық дәлелдерге сүйене отырып, айыпталушы Темірғалиевтің Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны дәлелденді деп айтуға болады», – деді мемлекеттік айыптаушы Азат Барболов.

Айта кетейік, Әлия Әбілдинова 2024 жылдан бері сотқа жүгініп келеді. Алайда оның алғашқы арызы қаралып, кейін жабылып қалған. Біраз уақыттан кейін бұл іс қоғамда резонанс тудырып, көпшіліктің назарын аударды. Соның нәтижесінде жауапты органдар істі қайта қарауға кіріскен. Қазіргі сот процесі жалғасып жатыр.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Шымкентте 16 жастағы жасөспірім 5-сынып оқушысын соққыға жықты

Теги: Астана