«Астана Балет» театры гастрольдік сапармен Алматыға келді

12.05.2025 16:15

Жыл сайын мегаполис халқына тың туындылар ұсынатын өнер майталмандары бұл жолы да хореографияның заманауи, әрі ұлттық үлгілерін көрсетпек

Gwen King/ unsplash.com/

«Астана Балет» театры гастрольдік сапармен Алматыға келді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шығармашылық ұжым 18 мамырға дейін Алматы театрында түрлі қойылымдарды жұртшылыққа паш етпек. Жыл сайын мегаполис халқына тың туындылар ұсынатын өнер майталмандары бұл жолы да хореографияның заманауи, әрі ұлттық үлгілерін көрсетпек. Бұл туралы театр ұжымы баспасөз конференциясында мәлімдеді. Жетекші құрамның айтуынша, негізгі қойылым – «Махаббат туралы аңыз» болмақ. Назым Хикметтің пәлсапалық пьесасын негізге алған спектакльдің музыкасын Ариф Меликов жазып, визуальдық эстетика жағын Симон Вирсаладзе өңдеп шыққан екен. Қойылым 15-16 мамыр күндері көрсетіледі. Бұдан бөлек, заманауи үлгідегі «Blind forgiveness» рок-балеті, танымал скрипкашылардың қатысуымен симфониялық концерт те ұсынылмақ.  

«Бұл жолғы гастрольдік сапарда танымал қазақстандық скрипкашы Ержан Құлыбаев та өнер көрсетеді. Ол «Астана Балет» театрының сахнасына аргентиналық және испаниялық композиторлардың шығармаларын енгізген. Жалпы біз алматылықтарға "Жыл маусымы" деген үлкен бағдарлама ұсынып отырмыз. Сахна шымылдығын - «Blind Forgiveness» дейтін қойылыммен ашамыз. Ал сапарымызды біздің қолтаңбамызға айналған – «Ұлы дала мұрасы» ұлттық хореографиялық концертпен аяқтаймыз», – деді «Астана балет» театры директорының міндетін атқарушы Валерий Күзембаев.

Оқи отырыңыз: Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam  турнирі өтті