Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam  турнирі өтті

Жарысқа әлемнің 50-ге тарта елінен спортшылар қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада дзюдодан әлемдік рейтингтік Qazaqstan Barysy Grand Slam  турнирі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жарысқа әлемнің 50-ге тарта елінен спортшылар қатысты. Дода Қазақстан және Халықаралық дзюдо федерациясы арасындағы екіжақты келісім аясында жүзеге асқан. Оның шарттары бойынша еліміз Grand Slam деңгейіндегі турнирді 2026-ыншы жылға дейін ұйымдастырып отырады. 

«Халықаралық дзюдо федерациясы жалпы өткізу бойынша жоғары баға беруде. Біз бірақ босаңсымаймыз. Басты мақсатымыз – халықаралық, әлемдік федерациямен қарым қатынасты нығайту», – деді Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен бұл бәсекеге әлемнің 49 елінен 426 спортшы тіркелген. Қатысушылар қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Жапониялық Нагасе Таканори және әлем чемпионаттарының жеңімпаздары Нилс Штумп пен Тамаоки Момо сынды жүйріктер болды.

«Барлығы ұнап жатыр. Келер жылы да осы додаға келіп, жүлде алуды жоспарлап отырмыз. Өкінішке қарай мен бірінші айналымда жеңіліп қалдым. Бірақ бұл мен үшін өте жақсы тәжірибе болды», – деді Бразилия құрамасының мүшесі Бьянка Рейс.

Татамиде бақ сынайтын қазақстандық дзюдошылардың қатарын 60 келі салмақ дәрежесіндегі Мағжан Шәмшадин бастады. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та белдесті. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 3 күміс және 6 қола медаль еншілеп, жалпы есепте тоғызыншы орынға тұрақтады.

«Осы жарысқа дайындық өте жоғары деңгейде болды. Бір ай бойы осы жарысқа дайындалдық. Алдағы уақытта жарыстар болса тағы да күресемін», – деді Қазақстан құрамасының мүшесі Мирас Жонысов.

Айта кету керек, бұл турнирдің басқа жарыстардан ерекшелігі бар. Мұнда жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әлемдік рейтингте ұпай беріледі. Атап айтқанда, бірінші орын алған спортшыға – 1000, екінші орынға – 700, ал үшінші орынға – 500 ұпай жазылады.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген. «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров