Елорда төрінде өткен форумға шетел үкіметтерінің басшылары, беделді тұлғалар, ірі бизнес өкілдері қатысты
Қазақстан 450 ядролық сынақтың зардабымен әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр. Елордада өтіп жатқан Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ядролық сынақтардан шеккен зардабына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астана халықаралық форумында сөз алған Мемлекет басшысы геосаяси жағдай шатқаяқтап тұрған шақта ұжымдаса атқарылуы тиіс жұмыстарды тізіп шығып, Қазақстанның нақты позициясын жеткізді. Еліміз сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа алады. Сондай-ақ Қазақстан стратегиялық бағдарынан айнымайды, реформаларды тоқтатпайды.
«Біздің мақсатымыз айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болуымен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс. Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан таза энергия көздерін қолдау бағытында өте жақсы үлгі көрсетіп келеді. БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, жаһандық жасыл даму институты ассамблеясының президенті Пан Ги Мун еліміздің орнықты даму мен климаттың өзгеруі мәселелеріне қосқан үлесіне қолдау білдірді. Айтуынша, қоршаған ортаның нашарлауын бір ел өзі ғана шеше алмайды.
«Орталық Азия елдерінің «жасыл» дамуға, осы саладағы ынтымақтастыққа баса назар аударып отырғанына өте қуаныштымын. Қазақстанның энергетиканы дамыту және орнықты даму үшін үлкен әлеуеті бар. Бұл тұрғыда Қазақстан таза энергия көздеріне инвестиция салу арқылы өте жақсы үлгі көрсетіп келеді. Мұның бәрі табысты және жарқын болашақ үшін жақсы негіз бола алады», – деді БҰҰ-ның сегініші Бас хатшысы Пан Ги Мун.
Елорда төрінде өткен форумға шетел үкіметтерінің басшылары, беделді тұлғалар, ірі бизнес өкілдері қатысты. Олар жаһанға ортақ проблемаларды көтеріп, шешу жолдары туралы ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шараға арнайы Байхрейннен де делегация келген. Бұл форум мұнайлы мемлекет пен Қазақстан арасындағы экономикалық және сауда қатынастарын нығайтуға септігін тигізеді. Бахрейн тарапы мұнай мен алюминий саудалауға ниетті. Ал қазақтың еті мен мақтасынан үмітті. Спикердің айтуынша, туризм саласындағы қатынастарды дамытуға болады.
«Қазақстан үкіметі біздің елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған өте маңызды шешімдер қабылдады. Қазір визасыз қатынаймыз. Бұл – өте маңызды қадам. Жақында Алматы – Бахрейн рейсі қайта жанданады. Бұл рейс арадағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуда үлкен рөл атқарады», – деді Бахрейннен келген делегат Абдулрахман Набиль.
Ұлыбританиядан келген қонақтар Қазақстанды инфрақұрылым, кен өндіру өнеркәсібі, электр энергетикасы салаларында үлкен әлеуеті бар дамушы ел деп біледі. Сондықтан қазақ тарапымен тәжірибе алмасуға дайын.
«Бізде Қазақстанның дамуына көмектесетін қажетті тәжірибе мен сараптама бар. Банк ретінде институционалдық капиталды клиенттеріміздің қажеттіліктерімен байланыстырамыз. Мысалы, біреу теміржол желісін салғысы келсе немесе алтын кен орнын игергісі келсе — біз қаржыландыруға көмектесе аламыз», – деді Ұлыбританиядан келген делегат Саиф Малик.
Қазақстан – әлемде ресурсқа бай мемлекеттің бірі. Десе де қолда бар байлықты өңдеп, іске жарату жағы кенже қалып отыр. Дүниежүзінде ресурстарға байланысты талас-тартыс көп. Сондықтан Қазақстан үшін бұл – мүмкіндігі мол форум.
«Қазақстанның бір мүмкіндігі – тыныштық, барлық мемлекетпен тең дәрежеде және оларға бірдей мүмкіндік беріп отырмыз. Транзиттік логистикалық потенциалымыз да жоғары. Бір жағымызда Ресей, бір жағымызда Қытай. Біз арқылы Еуропаға да, Азияға да шығып кетуге болады. Сондықтан осы мүмкіндіктерімізді жақсы пайдалануамыз керек деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин
Президент «алдымызда келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр. Бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы» деді Бәріне ортақ өркениет жолын таңдаймыз ба әлде жікке бөлініп құрдымға кетеміз бе? Оны үркердей топтың мәлімдемесі емес, көптің ауызбіршілігі шешуі қажет деп атап өтті.
«Жаһан дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл жолда адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды. Ал, Қазақстан бұл өзгерістерге үлес қосуға дайын», – деп сөзін түйді Президент.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: