Астанадағы LRT: кімдерге жеңілдік бар

18.05.2026 15:55

Жолаушыларды 15 автоматтандырылған пойыз тасымалдайды

Астана халқы жылдар бойы күткен жеңіл рельсті көлікпен қатынай бастады. Жерүсті пойызына бірінші болып ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мініп, қаланы аралап шықты. Ол LRT жүйесіне мониторинг жүргізіп, жұмысын реттейтін диспетчерлік орталықтың қызметімен де танысты. Жоба елорданың көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, қала ішіндегі қатынасты жеңілдетпек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Президент рұқсат бергеннен кейін, көптен күткен жеңіл рельсті көлік жолға шықты. Алғашқы жолаушысы – Мемлекет басшысының өзі. Оған 001 сериялы арнайы карта табысталды. Астанаға биіктен көз тастаған Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдан «Ұлттық музей» бекетіне дейін сапарлады. Ол құрылысы жылдар бойы жалғасқан бұл жоба елорданың ғана емес, тұтас елдің логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін айтты.

«Бұл қаланың орны ерекше. Келешекте Еуразиядағы көлік хабына айналдыру керек. Бұл жерді тоғыз жолдың торабы болуы керек. Сондықтан оқиғаның мән-мағынасы өте жоғары. Сәтті болсын!», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Желінің ұзындығы 22,4 шақырым. Жолаушыларды 15 автоматтандырылған пойыз тасымалдайды. Яғни, жүргізушісі жоқ. Оларды диспетчерлік орталықтан мамандар бақылап отырады. 18 станса мен заман талабына сай депо бар. Әр құрам 600-ден астам адамды тасымалдауға қауқарлы. «Нұрлы жол» вокзалынан әуежайға дейін 40 минутта жетеді. Пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 50-60 шақырым. Әр 5-6 минут сайын жүреді. Мемлекет басшысы бағасын бергеннен кейін, қала тұрғындары мен қонақтары да  жеңіл рельсті көлікке мініп, ақ жаулықты аналар шашу шашып, көпшілік ән салды.

Вагондардың іші салқын, жайлы. Арбаларға арналған орындар бар. Және әр бекеттің атауы үш тілде хабарланып отырады.

«Отбасымызбен осы сәтті ұзақ күттік. Бүгін тамашалауға келіп отырмыз. Өте қуаныштымыз, қолайлы. Адамдарға отыратын орындар, тұрған кісілерге жақсы жағдай жасалған. Сонымен қатар үнемі арбамен жүремін, кішкентай балаларым бар, арбаға орын қарастырылған», – деді қала тұрғыны ¤Балжан Нұрланқызы.

«Қарағандыдан, ал балам Алматыдан LRT-ны көруге келдік. Қуанып, халқымызбен бірге Отанымыздың жетістігіне қуананып жатырмыз!» – деді  қала қонағы Ырымжан Нұрмағанбетова.

 «Бұл жерде бағдаршам жоқ. Жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Тікелей баратын жеріңе тез жететін, уақыт үнемдейтін техника деп санаймыз. Барлық қалада болса, халыққа тиімді болар еді», – деді қала қонағы Қайрат Қуандықов.

«Он жыл тостық. Енді тап-таза ұстайық. Жастарға да, үлкен кісілерге де қоқыс тастамай, жинап жүрейік. Әдемі орындықтарды сызбай, кірлетпей, күтіп ұстайық», – деді қала тұрғыны Айгүл Әлсейітова.

Жолақысы 200 теңге. Жеті жасқа дейін балалар тегін қатынай алады. Ал мектеп табалдырығын аттағандар арнайы картамен жүреді. Ол ақылы. Зейнеткерлерге де дәл осы тәртіп қарастырылған. 

«Бізде ақы төлеудің 4 түрі қарастырылған. Бірінші касса арқылы, екіншісі терминал, үшінішісі кьюар арқылы және төртіншісі фейс жүйе арқылы төлеп өте аласыздар», – деді станса кезекшісі Нұрия Әлжан.

«LRT-да жүрген маған қатты ұнады. Мен карточканы алдым. Енді 18 жасқа дейін тегін жүрем», – деді оқушы Дарын Орынбасаров.

«Бірінші қадам басқаннан карточка беріп, тегін мүмкіндік жасалды. Екіншіден, ерекше көзінде мүкісі баржандарға жол жолақтары жасалған», – деді  «Kozimnin Qarasi» Қазақстандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серік.

Құрылысы 10 жылға созылып, миллиардтаған қаржы жұмсалып, бір кездері бағаналары «жемқорлықтың символы» деп аталып кеткен жеңіл рельсті көлікті көруге келгендердің қарасы қалың. Олар Астананы биіктен тамашалап, діттеген жеріңе тез әрі ыңғайлы жеткізетін көліктің іске қосылғанына риза.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз:  Мемлекет басшысы Astana LRT жұмысын іске қосты