Astana Media Week 2025: жасанды интеллект медиа саласына қалай әсер етеді

05.11.2025 20:40

Медиа апталығының алғашқы күні қорытындыланды

Астанада өтіп жатқан «Astana Media Week 2025» медиа апталығының алғашқы күні қорытындыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Орталық Азиядағы ең ірі медиа апталығының бірінші күні аяқталды. Алғашқы пленарлық отырыста жасанды интеллекттің медиа саласына әсері, цифрлық журналистиканың қалыптасуы және журналистер арасындағы медиаэтика мәселелері талқыланды.

Биыл шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай және бірнеше Еуропа елінен келген 65-ке жуық спикер қатысып, тәжірибе алмасты. Солардың арасында Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Ақпараттық орталық өкілі Властимил Самек те бар. Ол өз сөзінде цифрлық дәуірде шынайы ақпарат пен бұрмаланған мәліметті ажырата алу әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне айналуы тиіс дегенді алға тартты.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін ең маңыздысы – ақпараттың дұрыстығы мен этикалық нормалардың сақталуы. Егер белгілі бір тақырыпты жарияласақ, ол шынайы, бұрмаланбай және дәлелдерге негізделген болуы тиіс. XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Интернет – негізгі байланыс құралы. Әлемнің кез келген нүктесінен жаңалықты бір сәтте аламыз. Бірақ маңыздысы ақпаратты өзіміз талдап, шындық пен жалғанды ажырата аламыз ба?1 – деді БҰҰ Ақпараттық орталығы мен ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек.

Шараға келген спикерлер жасанды интеллектің берер пайдасы мол екенін атап өтті. Дегенмен оның белгілі бір тәуекелдері мен кері әсерін де естен шығармау қажет екенін жеткізді.

«ЖИ қоғада өте маңызды орын алуда. Бір жағынан, журналистер үшін қолайлы, көмегі мол. Екіншіден, ондағы ақпаратты тексеру керек. Кәсибі маман –адамның орнын баса алмайды деп ойлаймын», – деді Almaty.TV телеарнасының бас продюсері Ралида Мұқанова.

Айта кетейік, биылғы шараға мыңнан аса қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Ал ертең медиа өкілдері үшін мазмұны мол, қызықты бағдарлама ұсынылады. «Кәсіби шеберлік пен жаңа бетбұрыс» тақырыбы аясында стриминг платформалар, контент экономикасы және жаңа медиа форматтарға қатысты шеберлік сабақтары өтеді. Бұдан бөлек форум барысында отандық БАҚ-тың жетістіктері, data-журналистиканың дамуы, сондай-ақ сала мамандарын кәсіби өсіру жолдары кеңінен талқыланбақ.

Оқи отырыңыз: Astana Media Week 2025: отандық және шетелдік медиа сарапшылар қандай тақырыптарды талқылайды