Байқауға 12 аталым бойынша 600-ден астам өтінім түскен
"Қазақстанда салалық журналистиканы дамытуға баса мән беру қажет". Медиа сарапшылар осылай деп отыр. Олардың айтуынша, тілші белгілі бір бағытты терең меңгеріп, сол саланың ерекшеліктерін жетік білуі тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орталық Азиядағы ең ірі медиафорумның бірі – Astana Media Week. Медиа саласының үздіктерін бір алаңға жинайтын жиын осымен оныншы рет өткізіліп отыр. Талқыланатын тақырып әр алуан. Өзекті мәселелер де назарда. Мәселен, медиа сарапшылар салалық журналистиканы дамытып, тілшілердің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесін көтерді. Олар белгілі бір бағытты терең меңгерген журналист ақпаратты жеткізіп қана қоймай, аудиторияға сапалы талдау ұсынады деген пікірде.
«Салалық журналистика дамуы керек. Бұл бағытқа мемлекеттік органдар, министрліктер мен түрлі қауымдастықтар да мүдделі болуы тиіс. Әр ұйым өз саласын жазатын журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының пулын қалыптастырып, олармен тұрақты жұмыс жүргізе алады. Семинар, тренингтер өткізіп, кездесулер ұйымдастыру арқылы журналистердің біліктілігін арттыруға болады. Соның нәтижесінде тілші белгілі бір саланы терең меңгеріп, өз ісінің нағыз маманына айналады», – деді медиаменеджер Асқар Жалдинов.
Бұл мәселе өңірлік басылымдар үшін де өзекті. Аудандық газеттерде тілшілер бірнеше бағытта қатар жұмыс істеп, спорттан бастап әлеуметтік мәселелерге дейін жазады. Медиа форумға Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген «Тайынша таңы» газетінің редакторы да салалық журналистиканы дамыту қажет деп санайды.
«Түрлі тақырыпқа жазамыз. Қазіргі заман талабына сай керек. Әркім өз саласына өзі жауап бере білген дұрыс. Сосын жаңағы редакторлар оның бәрін қорытындылап, бір жерге тоғыстырып, түйінін жасайды», – деді «Тайынша таңы» өңірлік газетінің редакторы Гүл Нұралина.
Биылғы форумның басты жаңалығы алғаш рет Astana Media Week аясында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздары анықталады. Байқауға 12 аталым бойынша 600-ден астам өтінім түскен.
Ақтық кезеңге «Алматы» телеарнасының екі жобасы өтті. Атап айтқанда, «Архитектор» бағдарламасы үздік әлеуметтік жоба, ал «Әділдік алаңы» үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама номинациясында бақ сынайды.
«Қазір комиссия «Үркер» және «Тұмар» ұлттық сыйлықтарының оныншы мерейтойлық марапат иегерлерін анықтап жатыр. Қысқа тізімнің өзінен-ақ үміткерлердің ауқымы кең екенін көруге болады. Байқауға 600-ден астам өтінім түсті. Қазылар алқасы қысқа тізімге кімдерді енгізу керегін ұзақ талқылап, мұқият шешім қабылдады. Қазір жеңімпаздарды анықтау үшін талқылау мен дауыс беру жалғасып жатыр. Шынын айтқанда, жеңімпаздардың кім болатынын біз де әзірге білмейміз», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов
Үздік жобалар ертең форумның соңғы күні анықталып, жеңімпаздар марапатталады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Astana Media Week 2026 аясында үздік баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметтері марапатталды