Астанада 1 млн-нан астам азамат өз таңдауын жасайды

Бас қаладағы дауыс беру орындары Құрылтай сайлауын өткізуге сақадай сай

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Астанада 1 миллионнан астам азамат өз таңдауын жасайды. Сайлаушылар қатарында 30 мыңнан астам студент бар. Жалпы, қала бойынша 517 учаске жұмыс істейді. Оның барлығы дауыс берушілерді қабылдауға толық дайын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бас қаладағы дауыс беру орындары Құрылтай сайлауын өткізуге сақадай сай. Соның бірі – №485 учаске. Мұнда бүгін 1300-ден астам азамат өз таңдауын жасайды. Учаске қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы кабина дайындалған. Бұрышқа ноутбук қойылған. Оның ішінде аудио бюллетень, қажетті ақпараттар бар. Сондай-ақ көру қабілеті нашар азаматтарға Брайль қарпімен жазылған материалдар, лупа мен қағаз нұсқаулық қолжетімді. Ал денсаулығына байланысты дауыс беруге келе алмайтын жандар өтініш берсе, комиссия мүшелері олардың үйіне барады. Өтінішті бүгін сағат 12.00-ге дейін беруге болады.

«№485 учаскеде 1337 адам дауыс береді. Қазіргі таңда бізде сайлау учаскесі толықтай дайын. Барлық құрал-жабдықпен қамтылған. Арнайы мүгедектігі бар жандар үшін де біздің бұрышымыз бар. Ол кісілердің өздерінің бөлек кабиналары бар. Яғни, оларға деген барлық жағдайлар жасалған», – деді №485 сайлау учаскесі комиссиясының хатшысы Назым Сарекенова.

Астанада бүгін 517 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Сайлаушылардың жалпы саны – 1 миллион 14 мың 817 адам. Олардың 30 мыңнан астамы – студенттер. Аумақтық сайлау комиссиясының дерегінше, тағы 70 мың студент тұрақты тіркелген мекенжайы бойынша өз таңдауын жасайды. Ал тіркеуден шығу туралы куәлікті мыңнан астам адам алған.

«Бүгін 517 учаскелік комиссия Астана қаласы бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде 403 – осы Астана қаласындағы ашық учаскелер. 35 учаске – жабық учаскелер. Бұл медицина саласындағы мекемелер, оның ішінде әскери бөлімдер, ардагерлер үйі. 79 учаске шетелдерде ашылып жұмыс істейді», – деді Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабеков.

Астанада тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар да бүгін дауыс бере алады. Ол үшін олар шаһардың әр ауданында орналасқан 30 шағын халыққа қызмет көрсету орталықтарының біріне барып, бір күндік тіркеуге тұрады. Одан кейін сол жерде таңдауын жасайды. Мұндай шағын орталықтардың мекенжайын кез келген сайлау учаскесіне барып білуге болады.

Әлихан Өтеген, Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Ақын, ғалым Әділғазы Қайырбеков Құрылтай сайлауында таңдау жасады