Астанада миллиондап қаржы жымқырған балабақша басшысы сотталды

02.10.2024 в 16:58

Оның орынбасары да жазаланды

elements.envato.com

Астанада балабақшаның бұрынғы директоры мен орынбасары сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қызметтік бабын пайдалана отырып, өзiне сенiп тапсырылған мүлiктi iрi мөлшерде иеленiп алу және жымқыру дерегі бойынша балабақшаның бұрынғы директоры мен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қызметтік бабын пайдалана отырып, өзiне сенiп тапсырылған мүлiктi iрi мөлшерде иеленiп алу және жымқыруға көмектесу фактiсi бойынша оның орынбасарына қатысты сот үкімі шықты.

«Балабақшаның бұрынғы басшысы М. адамдар тобының алдын ала сөз байласу бойынша бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында «Ясли-сад» МКҚК меңгерушісі, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлға бола тұра, шаруашылық бойынша меңгеруші орынбасары қызметін атқарып жүрген А.-ның көмегі арқылы өздерінің қызметтік бабын пайдаланып, өздеріне сеніп тапсырылған 13 049 701 теңге көлеміндегі мүлікті заңсыз иемденіп, ысырап еткен», - делінген сот хабарламасында.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалар мен мамандардың қорытындыларымен, сондай-ақ қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Прокурор сотталушыларды мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жазаны тағайындау кезінде сот сотталушылардың кінәсін мойындауын, жас балаларының болуын, шығынды өз еркімен қайтаруын және сотталғандығының болмауын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

«Жасалған қылмыстың мән-жайын және оның ауырлығын, келтірілген зиянды өтеуді, жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, жәбірленуші өкілінің пікірін ескеріп, Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігін пайдалана отырып, сотталушылар М. мен А.-ға, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті