Рәсімге жауынгерлердің ата-аналары мен туыстары қатысты
Елордада «Айбын» Президенттік полкін толықтырған 200-ге жуық сарбаз әскери ант қабылдады. Салтанатты іс-шара «Отан қорғаушылар» монументінің алдында өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қабылдану үшін үміткерлер қатаң іріктеуден өткен. Мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180-нен бастап 195-ке жететін, жоғары білімі және спорттық жетістіктері бар азаматтар таңдалған. Содан кейін олар арнайы дайындық курсынан өтіп, әскери тәртіп пен жауынгерлік машықтарды меңгереді.
«Жас сарбаз» курсын бір ай оқыды. Осы аралықта сарбаздардың атыс, физика, медицина дайындық сабақтарын өтті. Олардың ата-анасына алғыс айтам!» – деді ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицері Темірлан Мағжан.
«Айбын» президенттік полкіне шықыртылған сарбаздар еліміздің барлық аймағы мен республикалық маңызы бар қалаларынан іріктеліп алынған. Олардың қатарында өзге ұлт өкілдері де бар. Солардың бірі – жас сарбаз Евгений Янке. Ол «ұлтым неміс болса да, жүрегім қазақ деп соғады, сондықтан Отан алдындағы борышымды өтеуге келдім» дейді.
«Әскери борышымды өтеуге келдім. Ол – ҚР әрбір азаматының борышы. Кейбіреулер таң қалады. Ұлтым неміс болғанымен жүрегім қазақ деп соғатын баламын ғой. Сондықтан жүрегімдегі патриоттық сезіммен Қазақстан халқыма қызмет еткім келеді», – жас сарбаз Евгений Янке.
Сонымен қатар әскери ант берген қатардағы жауынгер Абылайхан Қадырхан жүктелген міндеттің маңызы мен жауапкершілігін тілге тиек етті.
«Мен үшін, қарулас достарым үшін тарихи сәт. Өйткені алғашқы және соңғы еліміздің алдындағы әскери антымыздың қабылдау рәсімі өтті. Бәрі тамаша! Мемлекетіміз өркендей берсін, еліміз тыныш жұртымыз аман болсын! – деді жас сарбаз Абылайхан Қадырхан.
«Көзімізге қуаныштан жас келді. Керемет сезімде жүрмін! Біз бақыттымыз, ұлдарымыз Отанымызды қорғау үшін келді», – деді Алматы облысының тұрғыны Күләш Сұраншиева.
Айта кету керек, мерзімді әскери қызметін өткерген сарбаздар қалауы бойынша қызметін келісімшарт негізінде жалғастыра алады. Болашақта олар мемлекеттік орган қызметкері немесе офицері атанып, маңызды нысандар мен тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін атқаруға мүмкіндік алады.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Алматы әкіміне нақты тапсырма берді