Көрме барысында олардың шығу тарихы мен ерекшелігі таныстырылып, шеберлік сабағы ұйымдастырылған
«Ұлттық аспаптар» атты музыкалық фестивальдің шешуші кезеңі аяқталды. Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қоғамдық даму басқармасының бастамасымен өткен іс-шара жастардың өнерге деген ынтасын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Фестиваль аясында бұған дейін ұйымдастырылған байқаудың үздіктері сахна төрінде өнер көрсетті. Іріктеу кезеңіне қатысқан жүзге жуық үміткердің арасынан суырылып шыққан ансамбльдер мен жеке орындаушылар өз шеберлігін паш еткен. Домбыра мен қобыздың шанағынан төгілген күй, сыбызғы мен сазсырнайдың сыңғыры көрермен көңілін тербеді.
«Конкурстың мақсаты – домбыра, қобызбен қатар көне аспаптарымыз жетіген, сазсырнай, сыбызғы сияқты аспаптарды да жаңғырту, оларды кеңінен тарату. Сол үшін іріктеу кезінде көңіл бөлдік», – деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің әртісі Шынар Балтина.
Фестиваль аясында ұлттық музыкалық аспаптардың көрмесі ұйымдастырылған. Домбыра, қобыз, жетіген, асатаяқ, шертер секілді сан түрлі аспап жұрт назарына ұсынылды. Көрме барысында олардың шығу тарихы мен ерекшелігі таныстырылып, шеберлік сабағы ұйымдастырылған. Ал колледж студенттері келушілерге аспап жасау процесін көрсетіп, ұлттық мұраны ұлықтауға үлес қосты.
«Бүгін 3-курстан 5 студент келіп отырмыз. Домбыраға перне байлау, оюын құрастыру, бет тақтаын жабу сынды жұмыстарды көрсетеміз», – деді өндірістік оқыту шебері Салтанат Дүйсенқызы.
Оқи отырыңыз: Астанада 200-ге жуық сарбаз әскери ант қабылдады