Іс бойынша шамамен 10 сот отырысы өтіпті
Астанада жылдар бойы 4 баласына алимент төлеуден жалтарып жүрген әкеден 196 миллион теңге өндірілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Белгілі болғандай, борышкер төлемді азайту мақсатында ресми түрде тек бір ғана жұмыс орнын көрсеткен. Алайда, кейін тексеру барысында оның 6 жерден табыс көзі болғаны анықталды. Тергеу кезінде Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтері, банктік шоттар бойынша үзінділер, есеп айырысу парақтары және ол жұмыс істеген мекемелердің бухгалтерлік анықтамалары жан-жақты зерттелді. Нәтижесінде алимент алушыға төленбеген қосымша табыстар анықталып, жалпы қарыз сомасы 196 миллион теңге деп белгіленді. Алайда, борышкер бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.
Іс бойынша шамамен 10 сот отырысы өтіпті. Соған қарамастан, барлық сот процестерінде шешім айыптаушы тараптың пайдасына шыққан. Айта кетейік, ресми мәліметтерге сәйкес, елордада шамамен 25 мыңға жуық азамат алимент бойынша қарызын өтемей жүр екен.
«Тек Астана қаласының өзінде алимент өндіруге қатысты шамамен 25 мыңға жуық іс бар. Бұл борышкерлердің барлығы ер адамдар емес, олардың арасында әйелдер де кездеседі. Яғни, 25 мыңға жуық азамат өз балаларының асырауына алимент төлеуге міндетті. Сонымен қатар, бұл істердің бір бөлігінде өндіріп алушы ретінде балалар үйлері де көрсетілген. Себебі ата-аналар ата-ана құқығынан айырылған немесе балаларын өз еркімен балалар үйіне тапсырған жағдайда да оларды асырау міндетінен босатылмайды», – деді жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары Бауыржан Құсайынов.
Оқи отырыңыз: Павлодар облысында такси жүргізуші зейнеткерді алаяқтардан құтқарып қалды