Құрылысшылар күні: Олжас Бектенов сала мамандарын құттықтады

08.08.2025 20:31

Мемлекеттік наградалар жүйесіне алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағы енгізілген

Құрылысшылар күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік наградалар жүйесіне алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағы енгізілген еді. Жиында марапатталғандардың атынан құрылыс саласының ардагері Қайсар Омаров сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысына жұмысшы мамандықтарын дамытуға көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді.

«Мереке қарсаңында Мемлекет басшысына «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы қайтадан мемлекеттік наградаға айналғаны үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл – құрылысшыларға деген ерекше құрмет», – деді құрылыс саласының ардагері Қайсар Омаров.

Құрылыс саласы ел экономикасының маңызды қозғаушы күшіне айналды. Қазір бұл сектордың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 6 пайызға жеткен. Былтырдың қорытындысы бойынша 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй, соның ішінде 170 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілген. Ал биыл алғашқы жартыжылдықта 120-дан астам мектеп пен балабақша, 30 денсаулық сақтау нысаны салынды.

 «Қанша жыл құрылысты басқарып, жұмыс істеп келеміз. Еліміздің гүлденуіне, өркендеп өсуіне үлес қостық деп есептейміз. Түркістан облысында құрылыс өте көп. Өткен жылдары жайлы мектептерді пайдалануға тапсырдық», – деді  құрылыс компаниясының директоры Мұратбек Байтелиев.

Оқи отырыңыз: Астанада алғашқы әлеуметтік инновациялық хаб жұмысын бастады