Астанада Astana Media Week медиа апталығы басталды

14.10.2026 14:21

Astana Media Week 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында оныншы Astana Media Week апталығы басталды. Мерейтойлық іс-шараға мемлекеттік органдардың, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының, технологиялық компаниялар мен медиа саласының өкілдері жиналды. Медиа апталық аясында медиа саласын дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, отандық контентті ілгерілету және ақпаратқа деген сенімді арттыру мәселелері талқыланады, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, іскерлік бағдарлама «MEDIA. HUMAN. AI: трансформацияның 10 жылы. Сенімнің жаңа архитектурасы» атты пленарлық отырыспен ашылды.

Отырыста соңғы он жылдағы медиа саласындағы өзгерістер, жасанды интеллектінің редакция жұмысына ықпалы, ақпараттың шынайылығы мен цифрлық дәуірде аудитория сенімін сақтау мәселелері қарастырылады.

Медиа апталық аясында «AI, IT & MEDIA: Жауапкершілік шегі» атты технологиялық пікірталас, «Жасөспірімдердің жасына сай келетін цифрлық ортаны қалыптастыру: бұл қалай болуға тиіс?» тақырыбындағы шеберлік сабағы және «Central Asia in English: Аударма бізді неге жаһандық етпейді?» халықаралық редакциялық зертханасы өтеді.

Сонымен қатар «Ояну: ақпаратты қабылдау, саралаудың тың тәсілі және сыни интеллект» және «Жасанды интеллект көмегімен көптілді хабар тарату» тақырыптарында шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Бағдарламада Қазақстан мен Орталық Азияны халықаралық ақпарат кеңістігінде таныту мәселесіне де ерекше мән беріледі.БАҚ өкілдері ағылшын тіліндегі журналистиканы дамыту, шетелдік аудиторияға арналған контент әзірлеу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылайды.

Алдағы күндері мемлекеттік ақпараттық саясат, мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы байланыс, өңірлік редакцияларды қолдау, отандық контент пен жарнама нарығын дамыту мәселелері сөз болады. Сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдану, ақпараттың шынайылығын тексеру және цифрлық медиаплатформаларды дамыту бойынша тәжірибелік сабақтар өтеді.

Айта кетейік, Astana Media Week 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде ол қазақстандық және шетелдік медиа мамандары бас қосып, кәсіби мәселелерді талқылайтын, тәжірибесін ортаға салатын маңызды алаңға айналды.

Мерейтойлық медиа апталық 16 қазанда Qazaqstan Media Awards марапаттау рәсімімен аяқталады. Салтанатты жиында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының лауреаттары марапатталады.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы World Aquatics президентін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Толық көрсету