Астанада биіктен секірмек болған жасөспірім құтқарылды

19.06.2025 20:04

Полицейлер 17 жастағы қызды аман алып қалды

polisia.kz

Астанада полицейлер жасөспірімнің өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында көпқабатты тұрғын үйдің 4-қабатынан секірмек болған 17 жастағы қыз құтқарылды.

«Куәгерлер балконның шетінде тұрған қызды байқап қалып, бірден полицияға хабар берген. Оқиға орнына дереу жеткен патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Бекжан Нұрсейіт пен Жасұлан Қыздарбек 4-ші қабатқа көтерілу арқылы пәтерге кіріп, секіруге оқталып тұрған қызды ішке қарай тартып, аман алып қалған», - делінген хабарламада.

Бұл – аталған қызметкерлердің алғашқы ерлігі емес екенін атап өту қажет. 10 маусымда олар тағы бір адамның өмірін сақтап қалған. Көпірдің шетінде тұрған жігітпен сөйлесіп, оны райынан қайтаруға тырысқанмен, ол суға секіріп кеткен. Сол сәтте полиция қызметкерлерінің бірі еш кідірместен суға секіріп, жігітті жағаға шығарып, жедел жәрдем қызметіне тапсырған.

Полиция аға лейтенанты Жасұлан Қыздарбек ішкі істер органдарында 2017 жылдан бері, ал Бекжан Нұрсейіт 2022 жылдан бастап атқарады.

Оқи отырыңыз: Халықаралық Олимпиада күні: Қазақстанда қандай мерекелік шаралар өтеді