Астанада ерекше баланы ұрып-соққан жасөспірімдер полиция есебіне алынды

25.05.2026 16:30

Полиция департаментінің мәліметінше, жанжалға қатысқан барлық жасөспірім анықталды

Астанада жасөспірімдер ерекше қажеттілігі бар баланы тұншықтырып, ұрып-соққан. Бұл туралы оның анасы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның айтуынша, сабақтан шыққан кезде ұлын 8 жасөспірім күтіп тұрған. Олардың бірі артынан келіп, баланы қылқындырып, кейін соққыға жыққан. Ал қалғандары болған оқиғаны сырттай бақылап, күліп тұрған көрінеді. Кейбіреуі келеңсіз жайтты телефонға түсіріп алған. Тіпті басқа оқушылардың араша түсуіне де кедергі жасағаны айтылды. Полиция департаментінің мәліметінше, жанжалға қатысқан барлық жасөспірім анықталып, полицияға жеткізілген.

«Оқиғаға қатысқан барлық балалар анықталып, полицияға жеткізілді және профилактикалық есепке қойылды. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың қатысуымен құқық бұзушылықтың алдын алу кеңесі өткізіліп, жасөспірімдердің мінез-құлқын бақылауды күшейту, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және профилактикалық жұмысты жандандыру шаралары қаралды», – делінген ¤Астана қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Ескерту жоқ: шағымға жауап бермеген кәсіпкерлерге айыппұл салынады