Астанада ерекше қажеттілігі бар балалар арасында республикалық футбол турнирі өтті

27.10.2026 21:29

Жобаға кәсіби футболшылар да қолдау білдіріп, балаларға шеберлік сабақтарын өткізді

Астанада ерекше қажеттілігі бар балалар арасында республикалық футбол турнирі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Екінші UNI Football League жарысына еліміздің 10 қаласынан аутизмі, Даун синдромы, сал ауруы және басқа да даму ерекшеліктері бар 90-ға жуық бала қатысты. Бір күнде 20 матч ойналды. Алайда жарыстың басты нәтижесі соғылған голдар емес, әр баланың өзін футбол командасының толыққанды мүшесі ретінде сезініп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік алу болды.

«Бүгінде футбол Қазақстанның тоғыз қаласында бар. Жобаға 120 бала қатысады. 700-ге жуық жаттығу өткізілді. Жаттығулар апта сайын өтеді. Бұл ата-аналар мен балалар үшін тек физикалық тұрғыдан дамып, спортпен айналысуға емес, сонымен қатар қоғамның бір бөлігі болуға тамаша мүмкіндік», – деді «Bolashak Charity» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан.

Жобаға кәсіби футболшылар да қолдау білдіріп, балаларға шеберлік сабақтарын өткізді. UNI Football League халықаралық деңгейде де танылып, UEFA ұйымының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үздік бастама аталымында қола жүлдеге ие болды. Жас футболшылардың аналарының айтуынша, жобаға қатысқалы жеткіншектер ашылып, достар тауып, өздеріне деген сенімі артқан. Сондай-ақ олардың қимыл-қозғалысында да оң өзгерістер байқалады.

«Баламның арманы – футбол ойнау.Үлкен аренаға шығып, өзін футболист сезініп жүр. Ана ретінде қуанып отырмын. Оның бойында оң нәтиже көріп жатырмыз. Қолына, аяғына жасалып жатқан жаттығулар жақсы әсер етіп жатыр. Өзі жүре алады. Қолын қозғай алады. Дәрігерлер балама футболды жиі ойнатуға кеңес берді», – деді ата-ана Динара Хайруллина.

Оқи отырыңыз: Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мамандандырылған стоматология бөлімшесі ашылды

Толық көрсету