Кинотуынды шынайы оқиға желісіне негізделген
Республика күні қарсаңында Астанада «Капитан Байтасов» фильмінің тұсаукесері өтті. Кинотуынды шынайы оқиға желісіне негізделген. Картинада 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі баян етіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сол күні ол өз өмірін құрбан етіп, террористі тоқтатып, бейбіт тұрғындарды құтқарып қалған еді. Полицейдің бұл ерлігі батырлықтың, патриотизм мен адалдықтың символына айналды. Туындының тұсаукесерінде Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева сөз сөйлеп, мұндай жобаларды қолдау ұлттық кинематографияны дамытумен қатар, жастарды ерлікке, әділдікке және адалдыққа тәрбиелеудің маңызды тетігі екенін атап өтті.
Іс-шараға сондай-ақ депутат Нұртөре Жүсіп қатысып, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқыды. Фильмді көпшілікпен бірге Ғазиз Байтасовтың жары, ұлы, әріптестері тамашалады.
«Мен сол кезде Жамбыл облысы жол полиция командир батальона болдым. Ғазиз Байтасовтың қасында болдық. Сол бәрі көз алдымызда өтті. Айтудың өзі қиын. Ол өте жақсы, батыр жігіт еді. Өз өмірін қиып, қаншама адамның өмірін аман сақтап қалды», - дейді Ғ. Байтасовтың әріптесі Нұрлан Қартабаев.
Туындыны «Қазақфильм» киностудиясы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірген. Режиссері - Дәурен Қамшыбаев. Капитан Байтасовтың рөлін актер Азамат Сатыбалды сомдаған. Сондай-ақ, туындыда Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Дархан Сүлейменов, Қобыланды Болат және Самал Еслямова ойнайды. Картина Тараз, Алматы қалаларында түсірілген. Айта кетейін, «Капитан Байтасов» фильмі бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көрсетіледі.
«Бізге ерекше сценарийі мен таңғаларлық оқиға желісі бар режиссер келді. Бұл фильмде сіз лаңкестер мен капитан Байтасовтың параллельді сюжетін көресіз. Көрермен террористің қандай себептермен мұндай қадамға барғанын, оның әрекетіне не түрткі болғанын және өмірлік жағдайлардың осы қайғылы оқиғамен қалай тоғысқанын көреді. Бұл - қазіргі Қазақстан тарихында терең із қалдырған оқиға. Сондықтан біз осы фильмді түсіруді қолға алдық», - деді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президентінің міндетін атқарушы Айдар Омар.
Оқи отырыңыз: Абай облысындағы әскери бөлімде сарбаздар өмірі мен дайындығы таныстырылды