Өңірден жыл сайын 800-ден астам жас сарбаз әскер қатарына аттанады
Жыл сайын Абай облысынан 800-ден астам сарбаз әскери борышын өтеуге шақырылады. Олардың басым бөлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне және Қарулы күштер қатарына жіберіледі. Бұл туралы Абай облысының Қорғаныс істер департаментінің бастығы арнайы баспасөз турында мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Іс-шара кезінде журналистерге Қарулы күштердің Құрлық әскерлері құрамына кіретін №10810 әскери бөлімі таныстырылды. Мұнда артиллериялық және танк бригадалары орналасқан. Сонымен қатар әскери қызметшілердің күнделікті өмірі мен дайындық барысы көрсетілді.
Бүгінде Аягөз гарнизонында жас сарбаздар тек әскери дайындықтан өтіп қана қоймай, болашаққа да жол ашады. «Сарбаз–2» бағдарламасы аясында олар әскери өмірден соң, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алады. Александр Галома осы бағдарлама арқылы білімін жалғастырып, маман болуды мақсат еткен. 15 қазанда сарбаздар емтиханын тапсырып, енді тестілеу нәтижесін асыға күтуде.
«Менің мамандығым - мейіргер. Осы жақында ҰБТ тапсыруға мүмкіндік берді, біз тапсырып шықтық. Мен Қарағанды медицина университетін таңдадым, егер бәрі дұрыс болса, әскер арқылы оқуға түсемін. Қазір жауабын күтіп жүрміз», - дейді сарбаз Александр Галома.
«Біз мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздарды дайындаймыз. Биыл 15 қарашада тестілеу аяқталды. Соның ішінде менің 15-20 мерзімді әскери қызметшім өте жоғары балл алды. Қазір олар сертификаттарын алып, өздері таңдаған оқу орындарына барады», – деді 11-танк әскери бөлімінің командирі Дастан Мұхамеджанов.
Бұған қоса, әскер қатарына енді келген жас сарбаздардың психологиялық жағдайы да ерекше бақылауда болады. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Арынғали Ақышевтың айтуынша, әскери өмірге бейімделу кезеңі - ең жауапты сәттердің бірі. Сол себепті сарбаздар арнайы психологиялық тестілеуден өтеді. Алайда кейбірі бұл сынақтан өте алмай жатады екен. Мұндай жағдайда мамандар оларға қосымша қолдау көрсетіп, жаңа ортаға үйренісіп кетуіне көмектеседі.
«Әрине, бейімделу кезеңі болады. Әр адам жаңа жерге келген соң біраз уақыт үйренісуі керек. Бұл сарбаздар - 18-19 жастағы жас жігіттер, енді ғана үйден шыққан, жанында ата-анасы, бауырлары, туыстары жоқ. Оның үстіне, таза ер адамдар ұжымында болғандықтан, әр сарбаз бұл кезеңнен әртүрлі өтеді: кейбірі бір айда үйреніссе, енді біріне екі ай қажет болады. Сол уақытта біз психологиялық тестілер өткізіп, оларға барынша көмек көрсетеміз», – деді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Арынғали Ақышев.
Пресс-тур соңында журналистерге сарбаздардың күнделікті тексеріс барысы көрсетілді. Әскери бөлімде кешкісін жеке құрамның денсаулығы бақылауға алынады. Жарақат немесе күдік тудырған жағдай бірден тіркеліп, қажет болса Бас прокуратураға жіберіледі. Жауаптылардың айтуынша, мұндай шаралар сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бөлім ішіндегі тәртіптің сақталуына мүмкіндік береді.
Мәди Бижан, Әлихан Өтеген, Данияр Омар, "Алматы" телеарнасы, Абай облысы
Оқи отырыңыз: Қостанай облысында тойдан кейін 80-нен астам адам ауруханаға жеткізілді