Астанада құрылыс компаниясы қызметкерлерінің алаяқтық схемасы әшкереленді
Жәбірленушілер ақшаны компанияға емес, қолма-қол немесе алаяқтық схемаға қатысушылардың жеке шоттарына аударған
Астанада арзан пәтер уәде етіп, 35 адамды 2 млрд теңгеден астам қаржыға сан соқтырған 4 азамат сотталды. Айыпталушылар құрылыс компаниясының қызметкерлері болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар Qyran тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді, үй-жайлар мен автотұрақтарды нарық бағасынан төмен бағаға ұсынып, сатып алушыларды мәміленің заңды екеніне сендірген. Алайда клиенттерге меншік құқығын бермейтін жалған брондау шарттары жасалған. Жәбірленушілер ақшаны компанияға емес, қолма-қол немесе алаяқтық схемаға қатысушылардың жеке шоттарына аударған. Сонымен қатар сотталғандар компания қаражатын жымқыру үшін жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеген. Сатудан түскен ақша компания кассасына түспеген. Осы әрекеттері үшін азаматтар 8, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талап арыздарын қанағаттандырды. Сондай-ақ «International Invest Company» ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Тағы 73 нысан адал ниетті сатып алушыларға берілді», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қойылды - ІІМ