Астанада көлігімен итті сүйреген жүргізуші жауапкершілікке тартылды

30.01.2026 21:25

Куәгерлер жайтты дереу бейнежазбаға түсіріп алып, әлеуметтік желіде таратқан

Depositphotos.com

Астанада көлігімен итті сүйреген жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға кеше №1 Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының маңында болған. Куәгерлер жайтты дереу бейнежазбаға түсіріп алып, әлеуметтік желіде таратқан. Жануардың қанша уақыт және қандай қашықтыққа дейін сүйретілгені әзірге белгісіз. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушінің 41 жастағы ер адам екені белгілі.

Ол түсініктемесінде иттің қарғыбауын көліктің жүксалғышына байлап, ең төменгі жылдамдықпен жүріп, оны серуендетпек болғанын айтқан. Алайда қозғалыс барысында жануар жүруден бас тартқан соң, жүргізуші итті көліктің жүксалғышына салып алған. Аталған дерек бойынша ер адам заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оқи отырыңыз: Қолқаны қапқан өткір иіc: Талғар ауданының тұрғындары май өндіру зауытының жабылғанын талап етуде