Жедел жәрдем оқиға орнынан бір ересек адам мен бес баланы ауруханаға жеткізген
Астанада 6 желтоқсанда көпқабатты тұрғын үйде болған өрттен зардап шеккен 11 жастағы бала қайтыс болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Іnformburo.kz-ке сілтеме жасап.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өрт Абылай хан даңғылы, 20А мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйде болған. Оқиға орнынан жедел жәрдем бір ересек адам мен бес баланы ауруханаға жеткізген. Оларға көміртек тотығымен ауыр дәрежеде улану диагнозы қойылған.
«Барлық алты науқас жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайлары ауыр. 2014 жылы туған бала өте ауыр халде жеткізіліп, көрсетілген реанимациялық шараларға қарамастан көз жұмды», – делінген хабарламада.
Қалған зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт туралы хабарды 15:36-да қабылдаған. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы қосалқы бөлмеде басталған. Онда балалар арбалары мен тұрғындарға тиесілі жеке заттар жанған.
Құтқарушылар келген сәтте 1-қабаттан 5-қабатқа дейінгі аралықты қалың түтін басқан, бұл тұрғындардың өміріне қауіп төндірген. ТЖД қызметкерлері дереу адамдарды эвакуациялауға кіріскен.
Өрт сөндірушілер 46 адамды шығарып, олардың ішінде 7 бала болған. Сондай-ақ алты адам құтқарылып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Оқи отырыңыз: Баланың аяғын өртеп жіберген: Қарағанды облысында жасөспірім сотталды