Астанада «Шапағат» сауда үйі отқа оранды

08.05.2025 15:51

Ғимараттан 400-ге жуық адам өз бетімен шығып үлгерген

Астанадағы «Шапағат» сауда үйі отқа оранды. Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 400 шаршы метр аумақты қамтыған 10-ға жуық бутик өртенген. 400-ге жуық адам өз бетімен ғимараттан шығып үлгеріпті. Оқиға орнында 71 маман мен 20 техникасы жұмыс істеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілердің шұғыл әрекетінің арқасында жалынның ары қарай таралуына жол берілмеді.

«Сағат 10:03-те «Шапағат» коммуналдық базарының екінші қабатында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жедел жеткен мамандар қызыл жалынды сөндіруге кірісті. Алдын ала болжам бойынша өрт электр желісінің тұйықталуынан тұтанған. Дегенмен нақты себебі арнайы сараптамадан кейін белгілі болады», - деді Сарыарқа ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Рамазан Мейірманов.

Ал саудагерлер іште қалған тауарларына және келген шығын көлеміне алаңдаулы. Олар ғимараттың сыртында жүр. Әзірге ішке кіруге рұқсат берілген жоқ.  

«Біз тауарларымызды жайғастырып жатқанбыз. Артынша бірден өрт шықты да, «қашыңдар, атылады» деп айғайлаған дауыс шықты. Содан қашып қашып кеттік. Шынымды айтсам, қазір тауар қайда қалғанын білмеймін. Барлығы лапылдап жанды», - деді саудагер Әлия Исабекқызы.

«Біздің де орнымыз бар, тауарымыз бар. Енді бәріне сабыр берсін. Мұндай жағдайдан ешкім сақталмаған. Біз де қазір келіп тұрмыз», - деді саудагер Назира Ибраева.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында жел электр станциясы салынады