Үш күнге созылған сайыстың жеңімпаздарын Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов марапаттады
Құрлық әскерлері дрондармен шабуылдаудың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Елордада 3 күн қатарынан ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың операторлары арасында сайыс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Біліктілік пен кәсіби шеберлікті арттыруға бағытталған дрондар додасында өңірлік қолбасшылықтар мен әскери оқу орындарынан 25 команда бақ сынады. Дрондар дәуірлеп тұрған заманда Қазақ армиясы әуеден соққы жасайтын аппараттарды ұдайы дайындықта қолданып келеді. Қашықтан басқарылып, әуеден соққы жасайтын дрондар 20 шақырымға дейін ұшып, 2 келідей жүк көтеруге қауқарлы. Яғни, 4 граната әуеге еркін көтере алады.
«Дрондар 40 минутқа дейін ұшады. Жер деңгейінен төрт мың метр биіктікке дейін көтеріледі. Түнгі уақытта камерасы арқылы адамдардың қимыл-қозғалысын көрініп тұрады», – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының басқармасы штабы барлау басқармасының офицері Әділ Құсайнов.
Ұшу аппаратын әскерилер барлау, іздестіру, құтқару және тактикалық тапсырмалар кезінде қолданады. Армияның қажетіне жарап жүргеніне 1 жылдан асқан. Камерасы 1500 метрден адамдарды, көліктерді немесе басқа да нысанды анықтай алады. Бас қалада дрондардың әлеуеті тағы бір сыналды. Ұшқышсыз ұшатын аппараттың операторлары арасында сайыс өтіп, қатысушылар біліктілігін шыңдады.
«Бір апта бойы арнайы мақсаттағы бригадасының аумағында Autel EVO Max дронымен сабақ өтті. Граната лақтырудан, іздеу, кедергілерден өту сынды жарыс болды. Дронмен белгіленген аумақта барлау жұмыстарын жүргізіп, танкке гараната лақтырамыз. Әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты өте маңызды жаттығулардың бірі деп ойлаймын», – деді Ұшқышсыз авиация жүйе есеп тобының бастығы Темірлан Амангелдинов.
Сарбаздар аппараттарды басқаруды бір жылдан бері оқып, үйреніп жүр. Алдағы уақытта дрондар көбейіп, операторлардың саны арта түспек. Ал сайыста сынға түскен техникаларды әскерилер құрастырған.
«Техниканың қосалқы бөлшектері болған жағдайда, құрастыруға ебі бар әскери қызметшілер құрылғыны өздері құрастырып, бағдарламасын жазады. Бірінші болып өздері ұшырып, сынақтан өткізіп көреді», – деді ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев.
Үш күнге созылған сайыстың жеңімпаздарын Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов марапаттады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі: соғыс ардагерлері оқушылармен кездесті