Шараға Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен әскери құрылымдардың ардагерлері шақырылған
Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Бас қаланың Тәуелсіздік алаңында екі күн қатарынан әскерилер сап түзеп, арнайы техникалар шеру тәртібімен жүріп өтті. Бірқатар көшеде қозғалыс уақытша шектелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
7 мамыр күні шеру Тәуелсіздік көшесінің бойында, Қазақ елі монументі жанында өтеді. 4 мыңнан астам әскери қызметші қатысып, 200-ден аса техника мен қару-жарақ түрі көрсетілетін шараның соңғы дайындықтары пысықталу үстінде. Әскерилер алаңға жақын жерге қойылған техникаларды тексерістен өткізіп, дайындап жатыр.
Әскерилер әр техниканы жуып, майын ауыстырып, жанталасып жатқанда, қала тазалығына жауапты мамандар да білек сыбана іске кіріскен. Олар көрермен отыратын орындықтарды ретке келтіріп, асфальтты бірнеше қайтара сыпырып әуре. Дайындықты көру үшін алаңға қала тұрғындары да келді. Кейбірі ауқымды шараға қазақ армиясының әлеуетін көру үшін барамын десе, енді бірі соғысқа қатысқан атасының құрметі үшін қатыспақ.
«Әскери қауһарымызқандай? «Жау жоқ деме, жар астында» дейді ғой. Әскери техникамен танысайық. Біз де үлес қосайық», – деді Жамбыл облысының тұрғыны Ғалымжан Омарәлиев.
«7 мамырда әскери техника, ұшақты көргім келеді. Өйткені оларға қызығамын», – деді қала тұрғыны Алдияр Қайыргелді.
Салтанатты шеруге дайындық жоғары деңгейде жүргізілген. Жылдың басында ел бойынша әскерилер іріктелініп алынған. Одан кейін техникалар таңдалыпты. Наурыз айының соңынан бастап әр өңірден келген сарбаздар елордада жаттығуды бастаған. Ал әуе кемесінің экипаждары әуелі әскери бөлімдерде дайындалып, кейінірек Ақмола ауылының аспанында жаттыққан.3-4 мамыр күндері Астананың төбесінен ұшып өткен.
«2017 жылдан бері мұндай ауқымда әскери шеру өткізілмеді. Біз жаттығуларды жаңа жоспармен, жүйелі түрде қайта құрдық. Логистикалық жұмыстарды реттеп, барлық мүдделі құрылымдармен өзара іс-қимылды пысықтадық», – деді ҚР Қарулы күштері бас штабы жауынгерлік даярлық департаменті бастығының орынбасары Андрей Никифоров.
7 мамырда шеру өтетін алаңда қауіпсіздік пен бақылау күшейтіліп, көлік қозғалысы шектеледі. Шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен әскери құрылымдардың ардагерлері шақырылған. Ал елорда тұрғындары мен қонақтары парадты ЭКСПО аумағынан, қалалық әкімдіктің алдындағы алаңнан және Бауыржан Момышұлы даңғылы 1 мекен-жайында орналасқан үлкен экраннан онлайн тамашалай алады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Әскери техника: Алматыда ашық аспан астында музей ашылды