Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр
Астанада тұрғын үй аулаларының бірінде кішкентай баланы көлік қағып кетті. Бүлдіршін оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бейнебақылау камерасынан алынған жазбадан оның баяу жүріп келе жатқан көліктің алдынан өтпек болғанын байқауға болады. Темір тұлпар жүргізушісі баланы басып өтіп, кейін тағы артқа жүрген. Бейресми деректе, бүлдіршіннің 1 жас 8 айлық екені айтылады. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Құзырлы орган ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау керек деп ескертті.
«Иманов көшесі мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің ауласында «Kia Seltos» маркалы автокөліктің жүргізушісі көлікпен қозғалып келе жатып, жолға жүгіріп шыққан кішкентай бүлдіршінді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бала алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Эльмира Шәуленова.
Оқи отырыңыз: Қанды оқиға: қаза болған жасөспірімнің туыстары әділдік талап етті