Астанада үш жаңа өндіріс орны іске қосылды

09.07.2026 15:56

Өндіріс орындарында 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады

Астанада үш жаңа кәсіпорын жұмысын бастады. Жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы нәтижесінде 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алғашқысы – пластикалық медициналық бұйымдар шығаратын зауыт. Жобаға 4 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Кәсіпорын жылына шамамен 12 миллион дана медициналық өнім шығаруға қауқарлы.

Екінші жоба – жылу агрегаттарын өндіретін кәсіпорны. Өндіріс орнына 2 миллиард теңге инвестиция салынған. Мұнда жылына орта есеппен 19 жылу қондырғысын шығару жоспарланып отыр.

Сонымен қатар полипропиленнен блокты-модульді тазарту құрылыстарын өндіретін зауыт іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200-ге жуық өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Жаңа өндіріс орындарының ашылуы өңірдегі өнеркәсіп әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және өндіріс көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер: Павлодар әуежайын жаңғырту жұмысы қарқынды жүріп жатыр