Астанада вейптерді әлеуметтік желі арқылы сатқандарға іздеу жарияланды

15.08.2025 15:41

Тінту кезінде 5 қойма анықталып, одан 490 мыңнан астам электронды құрылғы тәркіленген

Астанада вейптердің заңсыз айналымын жүргізген ірі көтерме желі анықталды. Тінту кезінде 5 қойма анықталып, одан 490 мыңнан астам электронды құрылғы тәркіленген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Күдіктілер тыйым салынған  заттарды әлеуметтік желі арқылы саудалап отырған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олардың сатылымнан түсетін кірісі 6 млрд теңгеден асуы мүмкін. Күдіктілер қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастыру үшін арнайы схема ұйымдастырған. Қазір заңсыз бизнестің ұйымдастырушысына іздеу жарияланды.

 «Олар ірі сомаларды қолма-қол ақшаға айналдыру және қылмыстық жолмен келген ақшаның ізін жасыру мақсатында банктік карталар өз атына ресімделген адамдарды, яғни дроперлерді пайдаланған. Қылмыстық табыстың бір бөлігі шетелден кофе жеткізуге арналған мәмілелерге жұмсалған, жалпы сомасы 92 млн теңгеден асады. Соттың санкциясымен тыйым салынған өнімдерді тасымалдау үшін пайдаланылған автокөлікке тыйым салынды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Оңтүстік Қазақстан университетінің 6 қызметкері сотталды