Астанада дәрігерлер жалған ақпарат таратқан блогерді сотқа бермек

29.07.2025 19:35

Әлеуметтік желідегі жазбалар өшірілген

Астанадағы № 2 облыстық аурухананың дәрігерлері әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратты деп блогерді сотқа бермек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өйткені желі қолданушысы перзентінен айырылған әйелдің жағдайын шындыққа жанаспайтындай етіп жариялап, дәрігерлердің абыройы мен беделіне нұқсан келтірген. Даулы жазбалар бүгінде желіден өшірілген. Мекеме науқасқа уақытылы көмек көрсетілгенін айтып отыр. Жүктілікті тоқтату қаупімен түскен әйел әр 1,5 - 2 сағат сайын тексерілген. Блогер айтқандай, қатты қан кету болмаған, гемоглобин деңгейі де қалыпты. Мамандар мұндай жағдайлар жүктіліктің ерте кезеңінде жиі кездесетінін және ауруханада жыл сайын 900-ге жуық ұқсас жайт тіркелетінін мәлімдеді.

«Науқас тіркелді, ол түсік тастады. Сол науқаспен бір палатада жатқан әйел аталған жағдайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Кейіннен резонанс болып кетті. Жазбада «әйел өлейін деп жатыр, қан кетіп жатыр» деген сөздер айтылған. Алайда сараптамалар мұндай мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын көрсетті. Сондай-ақ жазбада «әйел құрсақтағы баласынан айырылды» делінеді. Бірақ бұл жүктіліктің небәрі 6-аптасы ғана, яғни медициналық тұрғыдан әлі қалыптаспаған эмбрион. Бұл жағдайды бала жоғалту деп атау дұрыс емес», – деді  «№ 2 көпсалалы облыстық ауруханасы» ШЖҚ МКК директоры Изат Бюрабеков.

Айта кетейік, оқиға жайлы алғаш болып келіншектің палатадағы көршісі әлеуметтік желіде хабарлаған. Оның айтуынша, азаматша жүкті әйелге көмек көрсететін дәрігерді таба алмапты. Ал бөлім меңгерушісі сол сәтте демалыста болған. Жазба авторы Денсаулық сақтау министрлігінің жедел желісіне және өзге де қалалық қызметтерге қоңырау шалғанын дәлелдейтін скриншоттар жариялаған. Алайда қазіргі уақытта бұл жазбалар толығымен өшірілген. Ал медициналық мекеме басшысының айтуынша, науқастың жағдайы қазір жақсы. Жақын күндері қосымша тексерістен кейін үйіне шығарылады.

Оқи отырыңыз: Арал ауданындағы ауылда ауыз су мәселесі шешілді