Арал ауданындағы ауылда ауыз су мәселесі шешілді

Ақбасты ауылының халқы 60 жылдан бері тіршілік нәрін тасып ішіп келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысында әлі күнге дейін таза ауыз суға жарымай отырған ауылдар бар. Биыл Президент тапсырмасына сәйкес, Арал ауданында бес бірдей елдімекенге тіршілік нәрін жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төрт жүзден астам тұрғыны бар Ақбасты ауылының халқы 60 жылдан бері тіршілік нәрін тасып ішіп келеді. Мұндағылар елдімекеннен жиырма шақырымға жуық аумақтан жеткізілетін қара судың қадірін ерекше түсінеді. Енді міне, бір айдан бері орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. 

«Бала күнімізден судан тапшылық көріп келдік. Балалар су төксе, ренжиміз. Қыс болса, қар арқалап, жаз болса, иін ағашпен су тасыдық. Өлшеп су алатынбыз. Ауыл тұрғындары қуанып жатырмыз. Үкіметке, рақмет!» – деді Ақбасты ауылының тұрғыны Айдана Сәуелханқызы.

Ауыл тұрғындарының алыстан ауыз су таситын күндері артта қалды. Ұзындығы 117 шақырым болатын магистральдық су құбыры тартылып, тұрғын үйлер толықтай сапалы суға қосылған.

 «Қағанағы қарық, сағанағы сарық ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Себебі, тіршілікке керегі әуелі ауа, екінші су. Осыған дейін суды 30 км, тіпті болмай қалған уақытта 100 км жерден тасып іштік. Соның барлығына халық көз жұмып келді. Сондықтан суды көп күттік және дән ризамыз!» – деді Ақбасты ауылының тұрғыны Сәуелхан Смағұлов.

Өңірде барлығы 230 елдімекен бар. Оның ішінде 204 ауыл мен 4 қалада ауыз су мәселесі шешілген. Биыл тағы 9 елдімекенге ауыз су тартылмақ. Оның ішінде Арал ауданындағы Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Тастүбек ауылдары бар. Ол үшін 8,3 млрд теңге бөлініп, 300 шақырымнан астам ауыз су желісі жүргізілмек.

«Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – болашақ ұрпақ үшін аса маңызды. Сондықтан су құбырын жүргізген мердігер мекеме азаматтарына үлкен алғысымды білдіремін. Еліміз бойынша 2600 шақырым болатын су құбыры салынады. 1 млн 300 мың адам ауыз суға қосылып, жағдайы жақсарады», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Мемлекет басшысы 2025 жылдың аяғына дейін барлық елдімекендерді ауыз сумен толық қамтамасыз етуді тапсырған. Қазір облыс халқының 98,6 пайызы орталықтандырылған ауыз су желісіне қол жеткізіп отыр. 

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Өңір әкімдері халықты тұрақты жұмыспен қамту ісіне жауапты болады

Новости партнеров