Астанадағы фельдшер өліміне қатысты екі қылмыстық іс қозғалды

17.12.2025 15:03

Қала әкімдігі тиісті министрлікпен бірлесіп, арнайы тергеу жұмыстарын бастаған

Астанада үстіне кондиционер құлап, аурухана төсегінде көз жұмған фельдшердің қазасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, тергеу сапасыз құрылыс фактісі мен адам өміріне қауіп төндірген қызмет көрсету дерегі бойынша жүргізіліп жатыр.

Қазір Әділет министрлігінің сарапшылары бірқатар сот сараптамасын жасап жатыр. Сонымен қатар қала әкімдігі тиісті министрлікпен бірлесіп, арнайы тергеу жұмыстарын бастаған.

Еске сала кетейік, 8 қарашада Астанада тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, үйінді астында қалған адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдемнің фельдшерінің үстіне кондиционер құлаған. Келіншек ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. Өкінішке қарай, араға біраз күн салып, 23 жастағы фельдшер қайтыс болған еді.

«Құтқарушылардың әрекетіне құқықтық баға берілген жоқ. Себебі олар бұйрығы мен нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес әрекет етті», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.   

Оқи отырыңыз: Құқықтық тәртіп: елімізде үш күнде іздеуде жүрген 12 адам ұсталды