Оқу орны құрылған 9 жылда 600-ден астам магистрант білім алған
1 маусымда Астанадағы сот төрелігі академиясына магистранттарды қабылдау басталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елімізде судьяларды дайындайтын жалғыз оқу орнына заң саласында білім алған, 5 жыл тәжірибесі бар, 29 жастан асқан мамандар ғана алынады. Іріктеу үш кезеңнен тұрады. Үміткерлер алдымен кешенді тестілеуден өтеді. Одан кейін, кейсті шешу, яғни жағдайға байланысты тапсырманың заңдық негізде шешімін табуы керек. Үшінші эссе жазады. Болашақ судьялар құжаттарын қабылдау комиссиясына өткізе алады немесе оны «электронды үкімет» порталы арқылы тапсыруына болады.
Айта кетейік, академияда жыл сайын 60 адамға мемлекеттік грант бөлінеді. Ақылы да білім алуға болады. Соңғысына биыл өзгерістер енгізіліп жатыр.
«Биыл магистратураның екі жылдық бағдарламасы бойынша да қабылдау басталады. Бірақ ақылы. Онда педагогикалық бағыт бар. Бағдарламасының барлығында методологиялық тұрғыдан өзгерістер енгізіледі», – деді Сот төрелігі академиясы мемлекеттік-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының профессоры Төлеуғали Бурбаев.
Сот саласының дамуына академияның қосқан үлесі орасан. Оқу орны құрылған 9 жылда 600-ден астам магистрант білім алған. Олар біліктілік емтиханын тапсырғаннан кейін ғана судьялық қызметке тағайындалады. Болашақ мамандар академия қабырғасында жүріп халықаралық тәжірибеден өтеді. Магистранттар Германиядағы Висмар және Ресейдің заң университеті профессорларының дәрісін тыңдап, біліктілігін арттырады.
«Еуропалық, Ресейдің, Қазақстанның сот жүйесі қалай жұмыс істейді. Салыстыру арқылы олардың ұстанымы, көзқарасы қалыптастырады. Қай жағынан алда жүрміз неме кем қалып жатырмыз? Бізге қандай өзгерісер енгізу керек? Олар үлкен тәжірибе жинайды», – деді Сот төрелігі академиясы мемлекеттік-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының профессоры Төлеуғали Бурбаев.
Оқи отырыңыз: Дәрігер – баланың жаңашыры: Алматыда спорттық-сауықтыру іс-шарасы өтті