Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу: Алматы облысында халықаралық симпозиум өтті

Симпозиум аясында ғалым, баспагер Ғарифолла Әнестің үш жаңа еңбегі таныстырылды.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында халықаралық симпозиум өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы Орталық Азиядағы саяси қуғын-сүргін тарихы: нәтижелер мен перспективалар» атты тарихи жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Польшадан келген тарихшы-ғалымдар, музей және архив саласының мамандары қатысты. Басқосуда репрессияға ұшыраған жандарды ақтау мәселесі, олардың қасіретті тағдырын зерттеудің ғылыми әдістері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ іс-шара аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Жарлығы негізінде құрылған мемлекеттік комиссия жұмысы мен оның өңірлік деңгейдегі нәтижелері сөз болды.

«Бұл симпозиумда мен Ахмет Байтұрсынұлының шәкірті болған Біләл Сүлеев жайлы баяндама жасадым. Ол – білім мен ағартуға өмірін арнаған тұлға. Орынбордағы мұғалімдер семинариясын тәмамдаған соң, Қарақалпақстан мен Қазақстанда ағарту саласына жетекшілік етті. Екі елдің халық ағарту комиссары ретінде маңызды істер атқарды. Оның еңбегі – біздің ортақ тарихымыздың бір бөлшегі», – деді Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінің бас ғылыми қызметкері Бахром Ирзаев (Өзбекстан).

Симпозиум аясында ғалым, баспагер Ғарифолла Әнестің үш жаңа еңбегі таныстырылды. Оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Ағартушы» атты көлемді монографиясы мен Халел Досмұхамедұлы мен Әлібек Қоңыратбаев туралы зерттеулер бар. Бұл еңбектер – ұлт тарихын терең танып-білуге жол ашатын маңызды дереккөз.

 «Барлығы 6 кітап дайындалып жатыр. Үшеуін таныстырып отырмыз. «Ағартушы» – Ахмет Байтұрсынұлына арналған өзінің еңбегі. Отыз жылдан аса ғұмырын зерттеуге арнаған. Монография жарық көрді», – деді Ғ. Әнестің қызы Үміт Ғарифоллақызы.

Оқи отырыңыз: Астанадағы Сот төрелігі академиясы қашан магистранттарды қабылдайды

Новости партнеров