Тұрғындар жұлдызды аспанды кез келген уақытта тамашалай алады
СҚО-да аспан әлемін зерттеуге арналған жалғыз астрофизикалық обсерватория бар. Мұнда тұтас ғалам бейнесін көруге болатын арнайы планетарий тұрғызылып, іші заманға сай оптикалық телескоппен жабдықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астрофизика орталығы 2004 жылы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде құрылды. Бұған дейін ондағы профессорлар ескі телескоппен жұмыс істеген. Кейін Андрей Солодовниктің бастамасымен аз уақыт ішінде бір нысанды бірнеше әдіспен зерттеуге мүмкіндік беретін құрылғы жасап шығарылды.
«Студенттердің заман талабына сай жаңа телескоппен білім алғанын қаладық. Жеке обсерваториямыз болса дедік. Физика кафедрасының доценті, аға оқытушысы, техник-құрастырушы және инженер-конструктор – бәріміз телескоптың жаңа қосалқы бөлшектерін жасауды қолға алдық. Бұл - үлкен еңбек», – деді астроном Андрей Солодовник.
Ғалымның арманы 2004 жылдың қыркүйегінде орындалды. Жаңа құрылғы көлемі жағынан еліміздегі екінші телескопқа айналды. Тіпті қуаты Мәскеу, Санкт-Петербург университеттері обсерваторияларындағыдан да асып түсті. Содан бері Андрей Солодовник 10-нан аса ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырды, жас түлектер мен магистранттарды тәрбиеледі. Бүгінде шәкірттері ұстазының жолын қуып, профессорымен бірге климаттағы өзгерістерді көрсететін сирек құбылыстарды зерттеп жүр.
«Студент кезімнен Андрей Андреевичпен бірге жұмыс істеймін. Одан үйренерім көп. Біз күміс түсті бұлттардың аумағын спутниктен алынған сандық суреттер арқылы есептеу жобасымен айналыстық. Ұстазым 41 жылын осы білім ордасына арнады. Мен де ол кісінің жолын қуып, жастарға білім беріп келемін. Оның ойы қырағы, зерттеулеріне әлі де таңданамын», – деді обсерватория лекторы Роман Клексин.
Бүгінде 71 жастағы ғалым күміс түсті бұлттарды зерттеуде. Сөзінше, мұндай құбылыстардың көрінуі еліміздің солтүстік өңірлеріне ғана тән. Маманның пайымдауынша, бұл – жер шарында болып жатқан климаттық өзгерістердің белгісі.
Диана Тұрлыбек, Нұргүл Алина, СҚО-дан
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда ветеринария қызметі 53 жаңа автокөлікпен толықты