Астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуі тиіс - Олжас Бектенов

23.10.2024 19:19

2025 жылы саланы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр

Елімізде егін жинау науқаны аяқталды. Биыл диқандар 26,5 млн тонна астықты қамбаға бастырып үлгерді. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, алқаптардағы орташа өнімділік гектарына 16 центнерді құраған. Ең көп астық жинаған өңірлер қатарында Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстары бар.

Айта кетейік, елде жүгері жинау науқаны әлі жалғасып жатыр.

"Дәнді дақылдарды аяқтауына байланысты ауыл шаруашылығы техникасы майлы дақылдарды жинауға көшті. Бүгінгі күні майлы дақылдарды жинау 1,9 млн гектарға, демек егістік алқабының 66 пайызына жүргізілді. Майлы тұқымдар 2,1 млн тоннаны құрап, орташа өнімділік 10,7 центнер болды", – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Қазақстанда астық экспорты 12 млн тоннаға ұлғайған. Биыл ел Орталық Азия мен Ауғанстанға 4,2 млн тонна бидай жөнелтпек. Отандық өнімге Түркия мен Таяу Шығыстан да сұраныс артқан. Сауда және интеграция вице-министрі «1 млн тоннадан аса астық тұқымын жеткізуге қауқарымыз бар» деді. Иранға арпа жеткізуді қалпына келтіру жолдары қарастырылып жатыр. Сауда және логистика мәселелері жақын арада шешімін таппақ.

"Басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізуді қамтамасыз етуі қажет. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуі тиіс. Дәнді-дақылдарды сақтау мәселесін ерекше назарға алу қажет. Сондай-ақ фитосанитариялық қызмет астық сапасына қатаң бақылау жасауы тиіс", – деді ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов.

Егін орағын ойдағыдай өткізген сала жауаптыларына әлі де босаңсуға болмайды. Себебі алдағы көктемгі егіс науқанын қаржыландыру 1 желтоқсанда басталады. Шаруаларға жеткізілетін тұқым қорын толықтай қамтамасыз ету керек. Үкімет басшысы «жанар-жағармай мен қажетті техникадан да тапшылық болмасын» деді. 2025 жылы саланы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы  

Оқи отырыңыз: Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінде 1 мыңға жуық жоба жүзеге асырылмақ