Құзырлы орган жыл басынан бері 9 мың жағдайды тіркеген
Елімізде кибералаяқтық тыйылмай тұр. Құзырлы орган жыл басынан бері 9 мың жағдайды тіркеген. Азаматтарды интернет арқылы алдайтындар жасанды интеллектіні ұтымды пайдалануға көшкен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Кибералаяқтық тек Қазақстанды ғана емес, әлемді алаңдатып отырған мәселе. Әсіресе технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекеттерде кең таралған. Полицияның дерегінше, елде киберқылмыскерлердің құрығына егде жастағы азаматтар жиі ілініп қалады. Қаскөйлер өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, арам пиғылын іске асырады. Киберқауіпсіздік маманы Гүлдана Жұматай мұндай жағдайда адам әрекет етуге асықпауы қажет. Өйткені айлакерлер өз құрбанына қысым жасап, шапшаң шешім қабылдауға итермелеп, оның сол сәттегі эмоциясын мүддесіне пайдаланады. Сарапшы бұндай жағдайда қорықпай, сабыр сақтап, телефонның арғы жағындағы жанға түрлі сұрақ қою керек дейді. Сонда ғана қорғай аласың деп отыр.
«Алаяқтар эмоция арқылы әсер етеді. Яғни, бір қысым көрсетуі мүмкін, асықтырады. «Тезірек жасауыңыз керек. Ешкімге айтпауыңыз керек» леп сізді оқшаулайды. Ақыл сұрауға, ойлануға уақыт бермейді. Нақтылайтын сұрақтарды қоюға ұялмау керек», – деді киберқауіпсіздік маманы Гүлдана Жұматай.
Ғаламтордағы алаяқтармен күресте Ішкі істер министрлігі қол қусырып отырған жоқ. Ведомство екі жыл бұрын киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментін құрған. Сол сәттен бастап бүгінге дейін шамамен 150 миллион қоңырау бұғатталған. Онлайн қулық-сұмдықты көбіне шекараның арғы бетінде отырғандар жасайды. Сондықтан министрлік халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істейді. Биылдың өзінде Украина жерінде отырып, талай адамды сан-соқтырған 2 қылмыстық топты қолға түсірген.
«Интернет алаяқтықтың түрлері көбіне жалған қоңыраулармен, банк карталарымен байланысты. Сонымен қатар жалған инвестицияға тарту әдістерін ұсынады. Соңғы жылдары жасанды интеллекттің көмегімен жасалатын интернет алаяқтықтың да түрлері пайда болды», – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Кибералаяқтар әрдайым бір қадам алда жүреді. Адамдарды алдау үшін құрылған бүгінгі схема ертең өзгеруі мүмкін. Сондықтан мамандар халық киберқауіпсіздік пен кибергигиенаға ерекше мән беріп, бұл бағытта білім көкжиегін кеңейту қажет екенін айтады. Ол үшін электронды Үкімет порталында тегін оқыту материалдары қолжетімді.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Ақтаудағы ерекше баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды