Көшеде 120-ға жуық үй бар
Аты бар, бірақ заты жоқ. Маңғыстау өңіріне қарасты Ақшұқыр ауылының азаматтары не жолы, не жарығы жоқ көшенің жайын айтудан шаршамайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Ақшұқыр ауылындағы ең ұзын көшелердің бірі. Шамамен 2 шақырымдық аумақта 120-ға жуық үй бар. Бірақ адамның баспанасы бар жерде жарық пен жол жоқ. Ауылдың іргесі құрылғалы түйіні тарқамай келген мәселені әкім-қаралар «қалыпқа келтіреміз» деп талай уәде берген. Бірақ біреуі де іске аспаған.
"Көшеге асфальт төсеу керек. Жарық жоқ. Жол нашар болған жоқ, көшеге такси келмейді. Жауын жауса, батпақ болады", – деді Ақшұқыр ауылының тұрғыны Мырзағали Сонабаев.
Асфальттың төселмегені бөлек әңгіме, ал жарық шамның жоқтығы қарттарға қиын.
"Жарық жоқ. Оқушылар кеш шығады, қаңғыған ит қаптап жүр. Тойдан, садақадан келе жатып, қараңғыда сүрініп, талай рет жығылдым", – деді Ақшұқыр ауылының тұрғыны Бөпіш Қадырова.
Ауыл азаматтарының сөзін бұған дейін де біліп келген әкім бұл жолы көшені қалыпқа келтіру үшін уақыт керек екенін айтты. Электр бағаналары мен ауыз су құбырлары жүргізілген құдықтарды орнынан жылжыту керек. Бұл - тас жол төсеу үшін қажет.
"Ақшұқыр ауылында 3 көше «Сахиева» деп аталады, соның екеуіне асфальт төселді. Қайта жөндейтін тұстарын жобалық-сметалық құжаттамаға ұсындық", – деді Ақшұқыр ауылының әкімі Еркебұлан Жәнібек.
Әзірге көшеде құм тегістеліп, жаңбыр суы жиналмайтындай жұмыс жүргізілетін болды. Ал тас жол келер жылдың күзінде төселмек. Ауыл әкімі көшедегі жарық жайын да реттеп беремін деп уәде етті. Сөзіне сенсек, ақпанда жарықшамдар қойылып, мәселенің бір бөлігі ретке келмек.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Жетісу облысында 700 келіге жуық есірткі тәркіленген