Атырау іргесіндегі ауыл тұрғындары балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқады
Атырау іргесіндегі Қызылбалық ауылының тұрғындары балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқып отыр. Себебі ауыл мен білім ордасының арасы алыс. Оның үстіне, көшеде қаптаған бұралқы ит оқушыларға шабуыл жасап, өмірлеріне қауіп төндіріп жатыр. Бұдан бөлек, ауылда қоғамдық көлік қатынасы да дұрыс жолға қойылмаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қызылбалық ауылы мен мектептің арасы екі шақырымнан асады. Ата-аналар күніне төрт шақырым жолды жаяу жүретін балаларға алаңдайды. Оған қоса, ауылда бұралқы иттер көбейіп, оқушыларға жиі шабуылдайды.
«Әсіресе қыс мезгілінде сабаққа бару өте қиын. Бәріміз көлік іздейміз. Мысалы, менің балам үшінші сыныпта оқиды, оны мектепке апару қиын. Қызым кешкі сағат 6-7-де шығады. Бұралқы ит көп. Шет жақ болған соң, екінің бірі ит-мысығын осында әкеледі. Балаларға шабады. Баланы жалғыз жіберуге қорқамыз», – деді ауыл тұрғыны Ажар Саматова.
Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір мәселе – қоғамдық көліктің тапшылығы. Қала шетінде тұратын жұрт автобусты сағаттап күтуге мәжбүр. Салдарынан жолаушылар діттеген жеріне уақытында жете алмайды.
«68-маршрут осы жаққа келеді, бірақ басқа бір көшеден айналып өтеді. Ауылдың ішіне, бас жағына кіреді де, бізге еш пайдасы жоқ», – деді ауыл тұрғыны Орынбасар Жұмақұлов.
«Автобус мәселесі бар. Арақашықтық 2-3 шақырым. Автобусты осы көшемен жүргізіп берсе екен дейміз», – деді ауыл тұрғыны Оразғали Жұмағазиев.
Ауыл әкімі аталған мәселелерді шешу үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Қазір Қызылбалыққа қатынайтын қоғамдық көлік санын көбейту мақсатында жауапты мекемеге ұсыныс жолданған.
«Қазір сынақ ретінде қатынап жатыр. "Смарт Атыраумен" әрі қарай талқылаймыз. Егер келісімге келсек, маршруттың жүру кестесін өзгертуге әрекет жасаймыз. Ұсыныс береміз. Мүмкіндік болғанша, Қызылбалықты толығымен қамтуды қарастырамыз. Бірақ барлық көшені аралап шығу мүмкін емес. Бір ортақ көшемен жүреді», – деді Қызылбалық ауылының әкімі Нұрлан Халмурзин.
Қызылбалық ауылындағы бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Тұрғындар әкімдіктен оқушыларды тасымалдау мен қоғамдық көлік қатынасы мәселесін жыл соңына дейін шешуді сұрап отыр.
Жұлдыз Қайратқызы. «Алматы» телеарнасы. Атыраудан