Бұқара базынасын тыңдауға келген әкімдік өкілдері биылдан қалмай тұрғындардың түйткілін шешіп береміз деп уәде берді
Атырау іргесіндегі Лесхоз ықшамауданына уәде етілген балалар ойын алаңы әлі салынбаған. Тұрғындар 100 аула жобасы аясында басталуы тиіс жұмыстардың әлі күнге дейін сағызша созылуына наразы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Атыраулықтар 100 аула жобасының шапағатын көре алмай отыр. Тұрғындардың айтуынша, 2022 жылы көпқабатты үйлердің маңына балаларға арналған ойын, футбол алаңы, жаттығу аймағы салынуы керек еді. Бірақ жоба тоқтап қалғандықтан, балдырғандар өзге ықшамаудандарға барып ойнайды. 4 жылдан бері тындырылған тірлік жоқ деген халық әкімдіктен жоба аясындағы жұмысты тездетіп аяқтап беруді талап етеді.
«Келіншектің баласы жоғалып кетіп, азар тапты. Ойнайтын жер жоқ болған соң балалар Авангардқа кетеді. Анда-мында кетеді. Кеш болса, балаларымызды іздеп таба алмаймыз. Балаларға «кетпе» деп айта алмайсың», – деді қала тұрғыны Жамал Қуанәлиева.
«Қайда ойнайды? Қайда барады? Қараңыздар, баратын жер жоқ. Тек мына жерде үлкен жастағы балалар футбол ойнап кетеді. Ал кішкентайлардың топырақпен ойнағанын да көрмейсің», – деді қала тұрғыны Мүзлипа Өмірбекова.
Бұқара базынасын тыңдауға келген әкімдік өкілдері биылдан қалмай тұрғындардың түйткілін шешіп береміз деп уәде берді.
«Қазіргі таңда Лесхоз ықшамауданындағы аулалардың созылып кеткені - жобаға корректировка енгізілді. Қазіргі уақытта мемлекеттің сараптамадан оң қорытынды алынды. Енді соттан үкім күтіп, келісімшартты күтіп отырмыз, кейін құрылыс-монтаж жұмысы басталады», – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Дулат Қуанғали
Тұрғындарды шенділердің бұл сөзі жұбата қойған жоқ. Күте-күте шаршаған көпшілік енді бұл мәселеге облыс әкімінің араласуын сұрайды.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Теңіз өнімдерін тұтынған: Алматы облысында уланған азаматар дәрігерлер бақылауына алынды