Атырау облысында белгісіз індеттен мал қырылып жатыр

28.08.2026 19:30

Індеттен әсіресе Кеңөзек ауылының тұрғындары зардап шегіп отыр екен

Атырау облысы Кеңөзек ауылында белгісіз індеттен мал қырылып жатыр. Шығын шырмауына маталған шаруалар қиналғандарын айтып, әкімдік алдына жиналды. Шағымданушылар өріске сап-сау шыққан малдарының өлекселерін тауып, бейнежазбаға түсіріп жариялап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындардығ айтуынша, бірнеше күннен бері белгісіз аурудан біршама ірі қара қырылған. Індеттен әсіресе Кеңөзек ауылының тұрғындары зардап шегіп отыр екен. Бір аптаның ішінде оннан астам сиыр сеспей қатыпты. Сондықтан шаруалар жауаптылардан өлген малдың диагнозын қойып берсін деп талап қойып отыр. Шағымданушылар ауру өзге төрт-түлікке жұға ма деп қауіптенеді.

«Он үш бас қырылып қалды. Қандай ауруы екені диагнозы анықталмай жатыр. Қасымыздағы барлық қожалықтар біледі. Бәрі барып өртелді. Басқа малға да жұғуы мүмкін ғой. Оңай жағдай емес. Диагноз қойғаны жақсы еді, қандай ауру, жұқпалы ма, неліктен өліп жатыр? Мал жүріп келеді де құлайды, бірден өліп қалады», – деді шаруа Рая Мұханбетова.

Шаруалардың айтуынша, мұндай жағдай былтыр да болған. Ол кезде де мамандар сынама алып, диагнозын анықтай алмаған.

«Былтыр менің малым өліп қалды, нақты санын білмеймін. Ауылда ауру жыл сайын қайталанып тұр. Диагнозды айтса, өзіміз ары қарай емдететін едік, белгісіз не істерімізді де білмейміз», – деді шаруа Еркін Шарипов.

Ал шенеуніктер жылда қайталанатын жағдайдан сабақ алмаған сыңайлы. Өйткені әлі күнге дейін қырылған малдың диагнозын білмейміз деп бейқам отыр. Сынама нәтижесінде еш ауру белгілері байқалмағанын айтты.  Жауаптылар енді Астанадан маман шақыртып, қайта зерттеу жүргізбекші.

«Сынама бойынша еш ауру түрі анықталған жоқ. Қосымша тиісті мекемелер мен лабораториялық бөлімдер зерттеу жүргізілетін болады. Ешқандай болжам да жоқ. Себебі судан да, шөптен де еш белгі анықталған жоқ. Қауіпті ауру болған жағдайда ғана өтемақы төленеді», – деді Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Эдуард Оспанов.

Шаруалар өлген малдың есебін өздері шығарып, арнайы орынға өртеп көмген. Ауыл әкімінің сөзінше, өтемақы төленбейді. Қазір өзге малға белгісіз індет тарамау үшін ауылда жаппай төрт түлікті вакциналау жұмыстары жүргізілмек.

Жұлдыз Қайратқызы

Оқи отырыңыз: Алматыда қатты отыннан шығатын зиянды шығарындыны азайту жұмыстары жалғасып келеді

Толық көрсету