Жылыжайда өсірілген өнімдер ауданның ішкі нарығын және өндірістік аймақтардағы асханаларды қамтамасыз етіп отыр
Атырау облысы Жылыой ауданында шаруалар жылыжайларға егін егіп, жергілікті тұрғындарды толығымен дерлік көкөніспен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Осы аталы сөзді өмірлік ұстанымы еткен кейіпкеріміз Ақмарал Базарбаева – қара жерден ризық-несібесін іздеген еңбекқор жанның бірі. Ол шағын ғана жылыжайда аға агроном болып еңбек етеді. Оның айтуынша, әр процесс маңызды. Мұнда тамшылатып суару әдісі арқылы қияр, баялды, құлпынай және болгар бұрышы өсірілуде.
«Төрт сортының қайсысы жақсы көрсетеді, соны біз әрі қарай дамытамыз. Былтыр қиярымыз «мево» сортынан өсірдік. Ал үлкен қияр «рава» сорттынан бас тарттық. Себебі халық кішкентай қиярды сұрайды. 300 тонна аламыз деген мақсат бар. Алғашқы өнімді жинадық, көңілден шықты», – деді аға агроном Ақмарал Базарбаева.
Өнім өсіруде қарапайым жұмысшылардың еңбегі зор. Қазір жылыжайда жиырмадан аса азамат еңбек етсе, олардың дені ауыл тұрғындары. Жылыжайда өсірілген өнімдер ауданның ішкі нарығын және өндірістік аймақтардағы асханаларды қамтамасыз етіп отыр. Болашақта көкөністер тіпті көршілес аудандарға жөнелтілмек.
«Үзіліссіз де жұмыс жасауға болады. Бірақ біз маусымдық кезең бойынша жұмыс жасаймыз. Себебі оны толыққанды игеруде азын аулақ техникалық ақаулар пайда болады. Жылыжайға бір кезеңнен өткеннен кейін, қарпайым тілмен айтқанда демалу керек», – деді технолог Рахат Жұмағалиев.
Шаруалар су сапасының төмендігі жұмысқа қолбайлау екенін жасырмайды. Әрі сапалы өнім алу үшін су тазалайтын арнайы аппарат та қажет екенінайтты.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Алматыда жас техниктер бақ сынады