Қызылқоға ауданында зиянкестер мыңдаған гектар жайылымды тып-типыл еткен
Атырау облысы Қызылқоға ауданында шегіртке қаптады. Жағдай әсіресе, Жасқайрат, Тасшағыл, Көздіқара, Миялы, Қарабау ауылдарында қиын. Зиянкестер жайылымдық жерлердің түгін қалдырмай отап тастаған. Дәрменсіз отырмыз деп дабыл қаққан шаруалар өз күшімен улау жұмысын жүргізіп те көрген екен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тұрғындар зиянкестер жайылымды жайпап, мал азығынан түк қалдырмады деп шағым айтты. Тек төрт-түлік бағып күнелтетін шаруалар әбден тығырыққа тірелдік дейді. Ауылдағы ағайын «жәндіктердің биыл ерекше көбейіп жатқанын ертерек ескерткенімізбен, шенеуніктер құлақ аспады» деп отыр.
«Ойыл өзенінің екі жағында жатқан Тайсойған және Бүйрек құмдарын да қалың шегіртке қаптап, жерді тоздырып жатқанын бүгінде бүкіл ел біледі. Осы мәселені сәуірде көтеріп облыс әкіміне де жеткізген едік. Келер жылы бұдан 6-7 есе, тіпті он есе көп болуы мүмкін. Барлық өсімдігіміз шегірткеге жем болды, зиянкестер жайлап жатыр», - деді Қызылқоға ауданының тұрғыны Есенбай Нұров.
Күннің күрт ысуынан тез көбейген жәндіктердің шөп қалдырмайтын түрі бар. «Италиялық прус» деп аталатын шегірткенің бұл түрі өсімдік атаулының бәрін тып-типыл еткен. Ал өр суы мен аптап ыстық жағдайды тіпті қиындатып жіберді дейді шаруалар.
«3/2 бөлігін шегіртке жайлап жеп кетті. Қазіргі кезде мал суы бар жайылымдық жерлерде ғана күнелтуде. Ертеңгі күз, қыс мезгілдерінде малдың шағылдың ішіне жайылатынын белгілі, осы айларда қайда апаратынымызды білмейміз, бас ауруына айналып отыр. 20 күн улады. Бірақ таусылмады, өте көп. Жан-жақтан ұшып келіп жатыр, былтырғыдан тым көп», - дейді Қызылқоға ауданының тұрғыны Жанкелді Рахметқалиев.
Ал шенеуніктер зиянкестерге қарсы химиялық дәрілеу жұмыстарын маусым айында бастағанын айтады. Биыл шегірткенің азиялық және италиялық прус түрлері шамадан тыс көбейіпті.
«Атырау облысы бойынша 128 мың 244 гектар жер шегіртке зиянкестеріне қарсы уланды. Биыл Атырау облысы бойынша 176 млн 92 мың теңге қаражат қаралса, 31 гектардан өзге, тағы қосымша 15 мың гектарға келісімшарт жасақталып, бұған 68 млн теңге қосымша қаражат қарастырылып, химия өңдеу жұмыстары жүргізіледі», - деді Ауыл шаруашылығы жер қатынастары басқармасы бөлімінің басшысы Азат Қапанов.
Әкімдік бәрін бақылауға алдық деп отыр. Бірақ жағдайдың ушыққанын айтқан жергілікті жұрт бұл істі министрлік қадағаласа екен дейді.
Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері жүзден аса бала терезеден құлап, 11-і көз жұмған