Жыл басынан бері жүзден аса бала терезеден құлап, 11-і көз жұмған

Астана қаласының өзінде жыл басынан бері 60 бала терезеден құлап кеткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде балалардың терезеден құлау оқиғасы әлі де азаймай тұр. Былтыр 200-ден астам жағдай тіркелсе, жыл басынан бері 103 оқиға болған. Оның 11-і қайғылы аяқталған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Астана қаласының өзінде жыл басынан бері 60 бала терезеден құлап кеткен. Ал 3 күн бұрын тіпті 4 бірдей бүлдіршін биіктен құлдилаған. Олардың екеуі оқиға орнында көз жұмса, тағы екеуі аман қалып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, аптасына кемінде 2 бала биіктен құлап, ауруханаға түседі екен.

«Аптасына 1-2-3 баладан жеткізіледі. Жақында ғана бір қыз 6-қабаттан құлады. Бас ми жарақатымен ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылды. Жамбас сүйектері сынғануы, қазір бөлімшеге ауыстырылды, жағдайы тұрақты. Екінші бала 1-қабаттан құлаған, жағдайын тексеріп компьютерлік томография, рентген, УЗИ жасап, дәрігерлер қарады. Оның жағдайы тұрақты болғаннан кейін үйіне жібердік», - деді № 2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматологиялық пункт меңгерушісі Баймаханбет Сәдуов.

Күн жылына салысымен тұрғындар терезе ашып, үйге таза ауа кіргізуге тырысады. Бірақ дәл осы кезде балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Ашық тұрған терезе  бала үшін үлкен қауіп көзі. Сондықтан мамандар ата-аналарға терезе бекіткіш пен қорғаныс торларын орнатуға кеңес береді. Соның ішінде ең жиі қолданылатыны – поликарбонат пен темірден жасалған терезе торлары. Мұндай торлар 80 келіге дейінгі салмаққа төтеп бере алады екен. Дегенмен бұл балалардың қауіпсіздігіне толық жауап береді деген сөз емес.

«Біз ұсынатын өнімдер - бірден екі қызметті атқаратын торкөздер. Қазір ең танымал түріннің құлпы бар, құпиясөз орнатуға болатын тұтқалар да бар. Ең бастысы, баланың басы тордың арасынан өтпейтіндей болуы керек. Дегенмен бұл торларға да, бұғаттауыштарға да толық сенуге болмайды. Ең маңыздысы, әрине, ата-ананың қырағылығы», - деді кәсіпкер Әлихан Аманжол.

Төтеншеліктердің айтуынша, құрылыс нормаларына сәйкес жаңа салынған немесе күрделі жөндеуден өткен үйлерде терезе торлары құрылыс компаниялары тарапынан орнатылуы тиіс екен. Дегенмен мамандар техникаға сеніп отыруға болмайтынын ескертіп, ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады.

«Тұрғындарға бірінші кезекте айтарым, балаларды қараусыз қалдырмау керек. Аталған оқиғалардың көп жағдайында балалар ата-аналарының қарауынсыз жалғыз қалып қойған немесе үйде болса да балаларын көзден таса қалдырып жатады. Соның салдарынан осындай оқыс жағдайлар болып жатыр. Сол себепті бірінші кезекте ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауын сұраймыз», - деді Есіл ауданы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Сағдат Әнес.

Айта кетейік, елімізде баланы қараусыз қалдырғаны үшін әкімшілік те, қылмыстық та жаза көзделген. Қылмыстық кодекстің 119-бабында көрсетілгендей, бұл – айыппұл салудан бастап, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Жаза оқиғаның салдарына байланысты белгіленеді екен.

Мәди Бижан, Данияр Омар, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ешкім ұрмаған: Перизат Қайраттың шағымына қатысты бейнежазба жарияланды

Новости партнеров