Әкімдіктегілер көп жағдайда мердігер мекеме өкілдері жұмысқа атүсті қарайтынын айтты
Атырау облысында жаңа мектептер мерзімінде тапсырылмай тұр. Мәселен Есбол ауылында салынып жатқан оқу ордасының құрылысы үш жылдан бері сағызша созылған. Соның салдарынан балалар әбден тозығы жеткен білім беру ұйымында оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқу ордасының құрылысы жоспарға сай 2022 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда мердігер жауапсыздығынан құрылыс сол беті тоқтап қалған. Ауыл оқушылары әлі күнге дейін іргедегі тоз-тозы шыққан ескі мектепке баруға мәжбүр.
«Ауылымыздың балалары қиналып өзге мектепке барып жүр. Құрылысын ұзақ күтіп келеміз. Қашан бітеді? Қолданысқа берілсе, жақсы болар еді. Әйтпесе, қиын балаларға, жол алыс, қауіпті», – деді Есбол ауылының тұрғыны Бекберген Досқалиев.
Жауаптылар жаңа мектептің құрылысын үшінші тоқсанға дейін аяқтаймыз деп сендіріп отыр. Жаңа білім беру ұйымы заманауи үлгіде салынбақ.
«Үлкен сынып бөлмелері, оқу зертханалық бөлмелер, спорт залдар, асхана заман талаптарына сай салынып жатыр. Осы мектебіміз бітсе, ауыл халқына және оқушыларға үлкен жағдай жасалады», – деді Есбол ауылдық округі әкімінің орынбасары Ерболат Сәбіров.
Әкімдіктегілер көп жағдайда мердігер мекеме өкілдері жұмысқа атүсті қарайды деп отыр. Сондықтан шенділер қазір талапты күшейтпек. Мәселен, мердігерлердің жауапсыздығынан Индер кентіндегі мектептің де құрылысы созылған. Енді келісімшарт талаптарын орындамағандар ісі сотқа жолданды.
«Сот шешіміне сәйкес, мердігермен келісімшартты толықтай бұзған болатынбыз. Сонымен қатар әрі қарай жұмыстарды жалғастыру үшін оның жобаларын міндетті түрде қайта есептеу керек болды. Сол себептерге байланысты мектептің жалпы концепциясын, сыртқы келбетін және де ішкі жабдықтарын толықтай өзгертіп, жобаны қайта жасадық», – деді Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Аймақта мектеп жетіспеушілігі мәселесі өткір. Құрылысқа жауаптылар күн тәртібіндегі тақырыпты шешу мақсатында тағы 19 мектептің құрылысы басталды деп отыр. Алайда алтауының құрылысы кестеден кешігуде. Ал жыл соңына дейін төрт оқу ордасы қолданысқа берілуі тиіс.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Алғабас шағынауданындағы мектеп қолданысқа беруге дайын