Атырау облысында жасөспірімнен Конго-Қырым инфекциясы анықталды

26.08.2026 19:34

Болжам бойынша геморрагиялық қызба кенеден келген

Атырау облысында 14 жастағы жасөспірімнен Конго-Қырым инфекциясы анықталды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Болжам бойынша геморрагиялық қызба кенеден келген. Жалпы аймақта мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр. Мамандар қазір арнайы сараптама жүргізіп жатыр. Олар геморрагиялық қызбаны жұқтырған науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, салдары ауыр болуы мүмкін деп дабыл қағуда.

Ақ халаттылар «Конго – Қырым инфекциясына шалдыққан адамның дене қызуы көтеріліп, басы ауырады. Сонымен қатар, көзі қызарып, бет, мойынның қан қысымы жоғарылайды  және белі ауырады»  дейді.

«11 тамызда 14 жастағы науқас қауіпті инфекция жұқтыру дерегімен ауруханаға түсті . Шұғыл жансақтау бөліміне жатқызылды. Бірден қажетті сараптамалар жүргізіліп, алынды. Одан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы анықталды. Қазір жағдайы бірқалыпты. Бұл - өте қауіпті инфекция. Індет кене арқылы тарайды. Баланың инфекцияны қайдан, қалай жұқтырғаны тексеріліп жатыр», – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жанғалиева.

Мамандардың айтуынша, кене шаққан жағдайда Конго-Қырым инфекциясы сынды ауру түрлерінен сақтану үшін бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Атыраулықтар да үй жағдайында ем қабылдаудың қате екенін айтады.

БЛИЦ:

«Кене шөптің арасында болатынын білмейміз, оны сезбей де қалмаймыз. Кішкентай баланың кене шаққанда куәгер болдым. Бірден дәрігерге жүгіну керек».

«Мен бірінші кезекте медицина мекемесіне барып, өздігімнен ештеме қабылдамаймын. Қауіпті ғой, аллергия беруі мүмкін».

Оқи отырыңыз: Санитариялық бақылау: Қызылордада мектеп асханалары тексерілді

Толық көрсету