Атырау облысындағы ескірген мектеп: күрделі жөндеуге бөлінген ақша неге игерілмей жатыр

Талдыкөл ауылындағы мектептің қабырғасы 16 жыл бұрын қаланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Талдыкөл ауылындағы мектеп тозып тұр. Соның салдарынан 250 орындық білім беру ошағында сабақ дұрыс өтпейді. Мектеп ішінде кеміргіштер мен тышқан қаптап, сасық иіс тараған.

Көпшілік жаңа оқу жылына дейін ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Талдыкөл ауылындағы мектептің қабырғасы 16 жыл бұрын қаланған. Тұрғындардың айтуынша, содан бері бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ғимарат әбден ескірген. Едендері шұрық-тесік болып, төбеден жиі су сорғалайтын көрінеді. Ашынған ата-аналардың айтуынша, тоз-тозығы жеткен мектепті тышқан мен өзге де кеміргіштер мекендеп, білім алу қиынға соғып тұр.

«Мектептің салынғанына 16 жыл болды. Балалар білім алып жүр. Ешкімге керек емес, сөздің шыны керек. Ауылда тышқан қаптады, өліп жатыр, иісі әлі бар. Қазіргі уақытта мектепте жөндеп жатыр, бірақ ақтап, сырлап өтіп кетеді, болды», – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Жұмагүл Сұлтанова

Ата-аналарды ең алдымен балалардың оқу үлгерімі де алаңдатып отыр. Өйткені ғимараттың ескілігінен сабақ та дұрыс өтпейді. Ал мүңкіген иіс балалардың денсаулығына қауіпті..

«Спорт зал салқын, сабақ болмайды. Жаңбыр тамшылап тұр» деп ауа райына қарай сабақ болмайды. Есіктен кірсең, тышқанның иісі мүңкіп тұр, жертөлесі шіріп жатыр. Өте қиын. Тазалық жоқ. Мынадай заманда балалар жақсы жағдайда оқуы тиіс қой. Сабақтан қалмай. Мектепте оқитын жағдай жоқ», – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Ақкенже Саташева..

Ал аудандық білім бөлімінің мәліметінше, бұған дейін нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаражат та бөлінген. Алайда белгісіз себептерге байланысты рұқсат берілмеген.

«Жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып, оң сараптама қорытындысы алынды. ЖСҚ нәтижесімен 811 млн 805 мың теңге күрделі жөндеуге қаражат шығарылды. 2026 жылы реновациялық жоспарланған болатын осы қаражат құнының 80 пайызы бөлініп, 649 млн 440 мың теңге тұр счетта бірақ осы наурыз айының аяғында мемлекеттік сатып алу порталына конкурсқа жариялауға берілді, бірақ рұқсат берілмеді. Қазір ағымдағы жөндеулерді жүргізіп жатырмыз», – деді Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Венера  Қабышева.

 Тұрғындардың талап тілегі бір. Олар ескі нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілігенін қалайды.

Оқи отырыңыз: Лицензиясы тоқтатылса да жабылмаған: Қостанай облысындағы лагерь иесіне айыппұл салынды