Мамандар жалтыраған қауын-қарбызға сене бермей, бақша өнімдерін таңдауда сақ болуға шақырады
Шымкентте ішек инфекциясы өршіп тұр. Биыл ауруханаға 500-ге жуық адам жеткізілген. Оның басым бөлігі шілденің аптап күндерінде сырқаттаныпты. Сондықтан дәрігерлер тез бұзылатын тағамдар мен бақша өнімдерін тұтынар алдында барынша сақ болуға кеңес береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Соңғы күндері іші өтіп, жүрегі айныған науқастардың саны күрт көбейді. Жедел жәрдем қызметі тәулігіне 2 мыңнан астам шақыртуға барса, әр оныншы адамға ішек инфекциясы диагнозы қойылыпты. Дәрігерлер мұндай жағдайдың жазда жиі болатынын айтып отыр.
«Негізі жазғы маусымда 2500-ден аса шақырту түседі. Науқастарда іш өту, құсу жағдайлармен келеді. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жеміс-жидектерді жемес бұрын жуып, алдын алатын болсақ шақыртулар азяды», – деді Жедел медициналық жәрдем станциясының бөлім басшысы Арман Бақтыбаев. ¤
Ішек инфекциясы әсіресе шілденің аптап күндерінде белең алған. Дәрігерлер бір айдың өзінде 280 науқастың ауруханаға түскенін айтады. Ең алаңдатарлығы – сырқаттанғандардың көпшілігі 14 жасқа толмаған балалар.
«Ауру белгілері ұқсас 5 және одан да көп науқастар тіркелген жағдайда шұғыл хабарлама арқылы келеді. Бүгінгі таңда ондай жағдай тіркелген жоқ. Уланудың алдын алу мақсатында тұрғындарға сатып алатын сауда орындарынан, базарлардан, кез келген нүктелерден таксикологиялық зертханадан өткені туралы сараптаманың қорытындысын талап ете аласыздар», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы Жұлдыз Райымқұл.
Бұл инфекцияның көбінесе бақша өнімдерінен жұғатыны белгілі. Соған қарамастан қазір базарларлар мен дүкендерде қауын-қарбыз саудасы қызып тұр. Ал тұрғындар өнімді көбіне тек дәмі мен түріне қарап алып жатыр.
«Өзімізге, балаларға жеуге алып жатырмыз. Қауын-қарбыздың піскен уақыты ғой. Қазір мына қауынды жеп көрдік, Жетісайдан келген екен, өте дәмді», – деді қала тұрғыны Бағлан Алтаев.
Дүкен сөресіндегі әр өнім алдымен зертханалық тексерістен өтеді. Талапқа сай тауарлар ғана сатылымға шығарылады. Ал базарлар мен көше бойындағы сауда нүктелерінде мұндай бақылау бола бермейді. Сондықтан мамандар жалтыраған қауын-қарбызға сене бермей, бақша өнімдерін таңдауда сақ болуға шақырады.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Алматы – Қаскелең учаскесінде жолды 8 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталды