Атырауда 100-ге жуық мас жүргізуші ұсталды

Volodymyr Proskurovskyi/unsplash.com/
Volodymyr Proskurovskyi/unsplash.com/

Айып тұрағына 502 автокөлік қойылған.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысында 19 сәуірден бері жол қозғалысы ережесін бұзуға байланысты 10 мыңға жуық дерек анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атырау облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Айбек Әлимовтің айтуынша, 19 сәуірден бері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. 

"Аталған іс-шараны өткізудегі негізгі мақсат — жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Патрульдік полиция қызметкерлері рейдтік шаралар кезінде жол қозғалысы ережесін бұзуымен байланысты 10 мыңға жуық деректі анықтады. Оның ішінде мас күйінде көлік жүргізген 98 жүргізуші ұсталды. Ал, 99 жүргізушінің жолдың қарсы бағытына шыққаны, 63 адамның апаттық жағдай туғызғаны тіркелді. Көлік рөліндегі 400-ден астам жүргізуші мобильді телефон қолданса, 2400-ге жуық азамат қауіпсіздік белдігін тақпағаны белгілі болды", — дейді Айбек Әлимов.

Инспектордың дерегіне сүйенсек, 293 адам көлікті жүргізуші куәлігінсіз айдағаны анықталған. Айып тұрағына 502 автокөлік қойылған. Сондай-ақ, 255 көліктің мемлекеттік нөмірі алынған. 

"Атырау қаласындағы жолда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында бақылау күшейтілді. Мұндай бақылауды шаһар аумағынан тыс жолда да жүргізу қолға алынды", — деп мәлім етті Айбек Әлимов.

 Оқи отырыңыз: Қазақстанда балық өнімдерінің экспорты артты ма

Новости партнеров