Атырауда 90 жастағы зейнеткердің 6 млн теңгесін алған алаяқ сотталды

14.07.2025 15:41

Жәбірленуші арада 10 күн өткен соң полицияға аталған оқиғаға қатысты шағым түсірген

Liana S/unsplash.com/

Атырауда алаяқ 90 зейнеткердің 6 млн теңгесін алдап алған. Сот курьер арқылы әрекет еткен алаяқты 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 29 мамырда тіркелген.

"Белгісіз ер адам 1935 жылғы қарияға телефон шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған. Қарияның қызын жол-көлік оқиғасына кінәлі деп сендірген. Жағдайды «реттеу» үшін ірі көлемде ақша талап етіп, арнайы курьер жіберілетінін айтқан. Қария қорқыныш пен уайымға салынып, үйіне келген бейтаныс адамға 6 млн теңге беріп жіберген", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жәбірленуші арада 10 күн өткен соң полицияға аталған оқиғаға қатысты шағым түсірген. Зейнеткердің шағымына байланысты Атырау облыстық Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізген.

"Арнайы жүргізілген іс-шараның нәтижесінде курьер ретінде әрекет еткен 1994 жылғы ер адам ұсталды. Оның «Яндекс» қосымшасы арқылы курьерлік қызмет атқаратыны анықталды. Курьер тапсырысқа сәйкес 6 млн теңгені басқа адамға жеткізгенін айтты. Полиция қызметкерлері курьер арқылы әрекет етіп, зейнеткердің ақшасын иемденген күдікті ретінде Қызылқоға ауданының 2000 жылғы тұрғынын қолға түсірді", - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Күдікті кінәсін толық мойындаған. Сот үкімімен күдіктіге 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды.

"Бейтаныс нөмірден түскен қоңырауға, өзін «полиция қызметкері» деп таныстырғандарға сенбеген жөн. ⁠Күмән тудырған жайт туралы 102 нөміріне жедел хабарлау қажет", -деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Индонезия жағалауында 6,7 магнитудалы жер сілкінді